Салық төлемегендерден қарызды өндіріп алу тәртібі өзгереді: Қазақстандықтар нені білуі керек
Фото: freepik.com
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салық берешегін мәжбүрлі түрде өндіріп алу тәртібіне өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Біржановтың айтуынша, Қазақстанда жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты салық берешегін өндіру тәртібі де қайта қаралған.
“Қазір салық берешегі 6 АЕК-тен (2025 жылы – 23 592 теңге) бастап өндірілсе, ал әлеуметтік аударымдар бойынша қарыз 1 теңгеден бастап өндіріледі. Енді бұл шектер 20 АЕК-ке (2025 жылы – 78 640 теңге) және тиісінше 6 АЕК-ке дейін көтерілді”, – деді Ержан Біржанов.
Вице-министрдің айтуынша, әлеуметтік төлемдер бойынша мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға қатысты шектің болмауы қазір негізінен шағын бизнес өкілдерін осы қатарға қосып отыр. Қарыз өтемегендердің шамамен 72%-ның берешегі 6 АЕК-тен аспайды.
“20 АЕК-ке дейінгі берешек бойынша тек салық қарызының пайда болғаны туралы хабарламалар жіберіліп, өсімпұл ғана есептеледі. Басқа тәсілдер мен шаралар қолданылмайды”, – деді Біржанов.
Шотындағы ақша айналымы 2 миллион теңгеден асқан қазақстандықтарды салық органдары тексереді
Ал қарыз көлемі 20-дан 45 АЕК-ке дейін болған жағдайда (2025 жылы – 176 940 теңге), алдымен қарыз туралы хабарлама жіберіледі. Қарыз өтелмесе, салық берешегі көлемінде шығын операциялары тоқтатылады. Тек содан кейін (қарыз өздігінен өтелмеген жағдайда) инкассолық өкімдер қойылады.
Айта кетейік, инкассолық өкім – салық немесе әлеуметтік төлем бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіру үшін қолданылатын ресми мемлекеттік құжат. Егер салық немесе басқа міндетті төлемдер уақытында өтелмесе, салық органдары банктегі шотыңыздағы ақшаңызды заңды түрде айырып, бюджетке аударуға бұйрық береді.
45 АЕК-тен жоғары берешек болған жағдайда мүлікті тізімдеу және оны тәркілеу, сондай-ақ дебиторлар есебінен өндіру шаралары қолданылады.
“27 000 АЕК-тен (2025 жылы – 106,1 миллион теңге) асатын берешек болса және ол үш ай ішінде өтелмеген жағдайда, заңды тұлғаның бірінші басшысына (не оны алмастыратын тұлғаға), заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің басшысына, жеке кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаға сот шешімі негізінде елден шығуға шектеу қойылады”, – деді вице-министр.
Еске салсақ, бұған дейін 1 қаңтардан бастап қазақстандықтардың мобильді ақша аударымдары жаңа тәртіппен тексерілетіні туралы жазған едік.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік