Салық комитеті Қазақстанда ойынханаға иелік ететін компаниялардан бейхабар
Фото: Рexels.com
Қазақстандағы үш ойынхана құзіреттілігі белгісіз компанияларға тиесілі. Аталған компаниялар туралы ақпарат тіпті Мемлекеттік кірістер комитетінде де жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда ресми түрде алты казино жұмыс істейді. Бурабайдағы CashVille ойынханасы мен Қонаев қаласындағы Astoria және Bombay казиноларының құрылтайшылары ретінде белгісіз юрисдикцияларға тіркелген компаниялар көрсетілген.
Мысалы, CashVille ойынханасының иесі — "СВ Менеджмент" ЖШС, оның жалғыз құрылтайшысы — Fernglen компаниясы. Бұл компания туралы ашық дереккөздерде ақпарат жоқ.
Қонаевтағы Astoria және Bombay ойынханалары "Astoria" ЖШС және "Қапшағай Палас" ЖШС-не тиесілі. Екеуінің басшысы – Рая Дәулетқалиева. Алайда ол туралы ашық дереккөздерде мәлімет жоқ. Бұдан бөлек, Astoria құрылтайшыларының қатарында Aselsin компаниясы бар, ал "Қапшағай Палас" иелері арасында — Landent компаниясы. Бұл компаниялар туралы да ешқандай ақпарат жоқ.
Bombay казиносы орналасқан жер учаскесі "Аудит Сервис Алматы" ЖШС-не тиесілі. Бұл компанияның да иелері — Рая Даулеткалиева мен белгісіз Estatel компаниясы.
Ойын бизнесін реттеу комитеті "Курсивке" берген жауабында Fernglen, Landent, Aselsin және Estatel компанияларының қандай юрисдикцияларда тіркелгенін және нақты иелерін атаудан бас тартты. Шенеуніктер мұны "Жеке деректер және оларды қорғау туралы" заңына сілтеме жасап түсіндірді.
Ведомствоның жауабына сәйкес, Бурабай ауданындағы CashVille казиносының иесі – "СВ Менеджмент" ЖШС-нің құрылтайшысы туралы мәліметтер біріктірілген салық ақпараттық жүйесінде жоқ.
Комитет өкілдерінің айтуынша, "Astoria" ЖШС, "Қапшағай Палас" ЖШС және "Аудит Сервис Алматы" ЖШС компанияларының жалғыз құрылтайшысы – Рая Дәулетқалиева. Алайда Egov жүйесінен алынған ресми анықтамаларда бұл ЖШС-терге белгісіз юрисдикцияларда тіркелген компаниялар да иелік ететіні көрсетілген.
Сондай-ақ комитет Fernglen, Landent, Estatel және Aselsin компаниялары бойынша да жүйеде ешқандай ақпарат жоқ екенін мәлім етті.