Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салық кодексіне жаңа түзетулер енгізіледі: Жұманғарин қосымша құн салығынан кейінгі өзгерістерді айтты

Фото: primeminister.kz

Мәжілістің кулуарында Қаржы министрі Серік Жұманғарин “салық реформасынан азаматтардың мемлекетке деген сенімі жоғалды ма” деген сұраққа жауап берді. Министр керісінше, сенімді арттырғанын және алдағы уақытта салық кодексіне жаңа түзетулер енгізілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналистер төлем қабілетінің төмендегенін кейбір бизнес өкілдерінің жабылғанын айтып, мысал келтірді. Алайда министр жаңа салық керісінше жақсы әсер етіп жатқанын алға тартты.

"Кешіріңіз, мен салық реформасын жүргізген мемлекет өз азаматтарының сенімін жоғалтты деп есептемеймін. Керісінше, біз оны арттырдық деп санаймын. Біз салық реформасын бір күнде, кабинетте отырып, жасырын түрде өткіздік деп ойлайсыздар ма? Біз оны сіздермен бір жыл бойы талқыладық. Жүздеген кездесулер өткізілді. Көптеген брифингтер, барлық шағын бизнес өкілдерімен кездесулер болды. Шешім кеше қабылданған жоқ", – деді Жұманғарин. 

Ол қосымша құн салығы тек 4%-ға көтерілгенін де атап өтті.

"Қалған салық режимдерінде салық жоқ. Мысалы, жеңілдетілген декларация бойынша тек 4% ғана салық бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шаруашылықтарда салық жоқ. Бұл шамамен 1,5 миллион адамға қатысты. Сондықтан сенім адамдар бір-бірімен араласпай, пікір алмаспаса жоғалады. Ал бұл жағдайда әр тараптың пікірі тыңдалды және ескерілді", – деді министр.

Журналистер вице-министрден жаңа Салық кодексіне талқыланып жатқан өзгерістер енгізіле ме деп сұрады. Ол барлық ұсыныстар қаралып жатқанын, ал ықтимал түзетулер жылдың соңына қарай қабылдануы мүмкін екенін айтты.



"Белгілі мәселелер бойынша жауап беру мерзімдері – 3, 5 немесе 10 күн. Егер уақытында жауап берілмесе, мәселе жүйелік деп саналып, оны жұмыс тобы Салық кодексіне өзгерістер енгізу үшін талқылайды. Бұл жұмыс тобы жыл сайын отырады. Өзгерістерді биыл жылдың соңында көруге болады. Кейбірі келесі жылдан бастап күшіне енеді. Кей жерлерде Бюджет пен Салық кодекстері арасында сәйкессіздіктер бар. Бірақ жалпы жұмыс жағдайы қалыпты", – деді Серік Жұманғарин.

Министр Салық кодексінің түзетулері 1 қаңтардан бастап күшіне енетінін де атап өтті.

"Сондықтан қандай да бір түзетулер енгізілсе, олар 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазір қоғамды дүрліктіріп, бірнеше түзетулерді атаудың қажеті жоқ. Дегенмен, қажет болса, дүйсенбі күні мен оны жариялауға дайынмын. Бұл мүлде құпия емес", – деп қосты ол.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 04 Наурыз, 2026 14:20