Қазір әнші де, әртіс те көбейіп кетті. Алайда олардың көпшілігі сауатсыз, сақау деп те айтуға болады. Әндерінің мазмұны жұтаң, мағынасы жоқ. Киелі сахнаға ашық-шашық киіммен шығып, арена жинап жүргендер бар. Бір-екі ән жазып, тапқан табысына мәз, ал халыққа берері шамалы. Соңғы кезде байқағаным кейбірі ән мәтінінде үш тілді араластырып айтады. Дұрыс әні жоқ мұндай орындаушылар тыңдарманның санасын шатастырып, тілді бұрмалайды. Осындай жағдайлардың салдарынан шын таланттар көлеңкеде қалып жатыр,- дейді әнші
"Сахнада сақау, сауатсыз әншілер көп": Жеңіс Ысқақова әріптестерінің деңгейін сынады

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова шоу-бизнес әлемінің жылтыраған сахнасының ар жағында жатқан ащы шындықты бүкпесіз баяндады. Хайпқа құрылған жүйе, фонограммаға тәуелділік, таланттың емес, танымалдықтың өтуі, сахнадағы әділетсіздік туралы Stan.kz YouTube арнасына берген сұхбатында ашып айтты.
Жеңіс Ысқақованың айтуынша, шын талантты, жанды дауыспен ән айтатын жастар сахнаға ашық-шашық киіммен шығатындардың көлеңкесінде қалып кетіп жатыр. Өзін жұлдыз деп есептейтін жас орындаушылардың деңгейі төмен дейді.

Фото: видеодан скрин
Жеңіс Ысқақова әлеуметтік желіде әншілердің тағдырын хайпқа айналдыратын қолданушыларды сынға алды. Оның айтуынша, кейбіреулер көп қаралым жинау үшін өнер иелерін үнемі аңдып, рұқсатсыз суретке түсіріп, ақпаратты бұрмалап таратады дейді. Әнші Мұқасан Шахзадаев әріптесін соққыға жыққан жағдайға қатысты өнер иесі былай жауап берді.
Әртіс те адам, біз де ашуланамыз. Көшеде әншіден басқа адам төбелеспейтіндей көрінеді кейде. Біреу сүрініп кетсе, "құлап қалыпты" деп шу шығарады. Ал Мұқасанға келсек, ол - эстраданың серісі. Әрдайым ұқыпты, әдемі киініп, таза жүретін жігіт. Бұрын оның біреуге қол көтеріп, бұзақылық жасағанын көрмеппін. Таяқтың екі ұшы болады. Менің ойымша, бұл жағдай әнге байланысты емес, біз білмейтін басқа себеп бар. Мұндай мәселені жарияға шығармай, азаматтар өзара шешуі керек еді. Алайда бұл оқиғаны өз пайдасына жаратып, хайп жасаушылар әлеуметтік желіде түрлі жалған ақпарат таратып жатыр. Олардың мақсаты қаралым жинау. Оларға Мұқасанның тағдыры да, соққы алған жігіттің жағдайы да маңызды емес. Әншілердің де ата-анасы, бала-шағасы бар. Олар біреудің контенті үшін қуыршақ емес. Кінәсі болса заң алдында жауа береді. Бұған дейін Жұбаныш Жексенұлымен де осындай жағдай болған. Артынан қалмай, телефонға түсіріп, жариялады. Жұбаныш жасы үлкен, елге сыйлы азамат. Оны жұрт алдында қаралаудың не қажеті бар? Әншілердің тағдырын контентке айналдыруды доғару керек,- дейді Жеңіс Ысқақова.
Фото: видеодан скрин
Жеңіс Ысқақованың жолдасы Тоқтасын Сейсенбайұлы әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізді. Сұхбат барысында әнші спорт саласында да жетістікке жету қиын екенін айтты. Жолдасы жас кезінде күреспен шұғылданып, кейін спортты не себепті тастап кеткенін ашық айтты.
Жолдасымның әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлерімен бір кілемде белдесіп, қола медаль иеленуі біздің отбасымыз үшін зор жетістік. Шамамен 35 жыл үзілістен кейін спортқа қайта оралып, осындай нәтижеге қол жеткізу менің жарымның табандылығының дәлелі. Егер жас кезінде кілемнен кетпегенде, ел қоржынына талай жүлде салары анық еді. Өкінішке қарай, спорт саласында да таныс-тамырсыз жетістікке жету қиын. Талантың тасып тұрса да, қаржылық қолдауың, танысың болмаса бағаланбай қалатының жасырын емес. Күйеуім де жастық шағында осындай әділетсіздіктің құрбаны болды. Бүгінде қаншама дарынды жастың жолы осындай себептермен үзіліп жатқанын көріп жүрміз. Қазақстанда бұл жүйе өзгермейінше, спортшыларымыздың әлемдік аренада толыққанды жарқырауы қиын,- дейдә әнші.
Сұхбат барысында әнші әріптестерінің табысы, шоу-бизнестегі достық, әйелдің қоғамдағы ролі мен құндылығы туралы баяндады. Сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер!