Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Садақа мансап құралы емес": Перизат Қайрат соты бойынша жарыссөз басталды

Перизат Қайраттың соты ашық өтеді

Фото: Перизат Қайраттың жеке парақшасы

Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот процесінде жарыссөз басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот отырысының басында судья Сабыржан Кәрімов жарыссөзге көшетінін хабарлады.

Прокурор Мадина Оразалина Перизат Қайраттың соты тек алаяқтық туралы емес, “аманат, адалдық, қайырымдылық" сынды киелі түсініктерге сатқындық екенін айтты.

"Бүгін біз белгілі қоғам қайраткері Қайрат Перизат пен оның анасы Алашбаева Ғайнидің қылмыстық ісі бойынша сот отырысының қорытындысын шығарып жатырмыз. Бүгінгі сөзімді "Ізгілік бетпердесі" деп атау ойыма келді. Мен оны қазақ халқына, кең пейіл, ар-ожданы мол халыққа деген алғыспен бастағым келеді...", – деді мемлекеттік айыптаушы.

Прокурордың айтуынша, Перизат Қайрат халықтың сенімінен пайда көру үшін қайырымдылық атын жамылған.

"Енді "қайырымдылық" деген желеумен пайда тапқысы келетіндер білуі керек: халық үнсіз қалмайды, мемлекет көз жұмып отырмайды және сенім шексіз емес. Садақа мансап құралы емес. Халықтың аманаты әмиян немесе бренд емес. Ол – аманат. Ал аманатқа қиянат жасағандар әшкере болады", – деді прокурор.

Еске салсақ, Астанада қайырымдылыққа жиналған ақшаны жымқырған деп айыпталған Перизат Қайрат ісі бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр.

16 шілдеде өткен сот отырысында Назарбаев зияткерлік мектебінің ата-аналары Перизат Қайраттан қайырымдылыққа аударған ақшасын қайтарып беруді талап етті. Ата-аналар ол ақшаны ауыр дертке шалдыққан мұғалімге аударғысы келетінін айтты.

Сондай-ақ сотта тасқын кезінде қайырымдылыққа деп қор шотына 1 млн теңгесін аударған зейнеткер сөз алып, ақшасын қайтарып беруді талап етті.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 22 Шілде, 2025 11:42
Талқылау