Рұқсат беру үшін миллиондаған теңге сұраған: Ұлытауда экология департаментінің басшысы ұсталды
Ұлытау облысында шенеунік экология саласындағы рұқсат құжаттарын бергені үшін кәсіпкерден 2,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, агенттік экология саласындағы жемқорлықты жою бойынша шаралар қабылдаған.
Мәселен, жемқорлық қылмыстарын жасауда Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің екі басшысы және басшысының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары және басқалары әшкереленді. 2025 жылдың 6 қаңтарында Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен облыстық экология департаментінің басшысы ұсталды.
Шенеунік экология саласындағы рұқсат құжаттарын бергені үшін кәсіпкерден 2,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Биыл 8 қаңтарда ол соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасып, басқа адамдардың қатысы бары тексеріліп жатыр.
"2024 жылдың 26 тамызында күдікті бизнесті қорғау жобасы аясында кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған еді. Ол кәсіпкерге қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы тоқсан сайынғы есеп беру туралы заңсыз талаптар қойған. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әр адам кінәсіз деп есептеледі", – делінген агенттік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрлігіне қарасты "Еңбек" мекемесінің басшылары пара алды деген күдікке ілінгенін жазған едік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, бас директордың орынбасары және оның қарамағындағы құрылыс басқармасының басшысы мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан. Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынып, тергеу жалғасып жатыр.