Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо ұйымының комиссиясына басшы болып бекітілді

 

IJF-ке қызметке тағайындалдыФото: Аkorda.kz

Мемлекет басшысының көмекшісі – баспасөз қызметінің жетекшісі Руслан Желдібай Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) Жаңа технологиялар мен жоғары нәтижелер бойынша жұмыс істейтін комиссиясына директор ретінде тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Аталған комиссия спорт саласындағы заманауи цифрлық шешімдерді спортшылардың пайдасына ұтымды енгізу, жаңашыл бастамаларды дамыту және дзюдоны қоғамдық өзгерістерге ықпал ететін құрал ретінде насихаттаумен айналысады.

IJF жолдаған ресми хатта Руслан Желдібайдың бұл бағыттағы тәжірибесі мен білімі аталмыш саланың дамуына маңызды әсер ететіні атап өтілген.

Еске салайық, 2022 жылғы сәуірден 2023 жылғы қаңтарға дейін Руслан Желдібай Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Одан кейін 2023 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары — баспасөз хатшысы болды. Ал 2023 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы ақпанға дейін ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекші лауазымын атқарды. Қазір ол – Қазақстан Президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы.

Абылайхан Палмағанбет
Дүйсенбі, 14 Шілде, 2025 12:21
Талқылау