Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Руслан Жақсылықовтың ұсталғаны туралы жарияланымдардан кейін қылмыстық іс қозғалды

Фото: ru.kabar.kg

Экс-қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін жалған ақпарат тарату фактісі бойынша тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BES.media порталына сілтеме жасап хабарлайды.

БАҚ-та бұрынғы министрдің ұсталғаны туралы хабарлар шыққанымен, құқық қорғау және қадағалау органдары оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растаған жоқ. Редакция бұл мәліметтің шын-өтірігін анықтамақ болып ресми сұрау жіберген. 

Алайда олардың сұрауы жалған ақпарат тарату мәселесіне қатысты емес, тек Жақсылықовтың өзі қылмыстық іске тартылғанын не тартылмағанын білуге бағытталған еді,.

"Сұрау салуда көрсетілген тұлғаның ұсталғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында және телекоммуникация желілерінде жалған ақпарат тарату фактісі бойынша Астана полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі (Көпшілік ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдаланып, көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр" – делінген.

Қаржы мониторингі агенттігі, Бас әскери прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және ұлттық жауап берді. Аталған органдарда Руслан Жақсылықовқа қатысты қылмыстық іс тіркелмегенін хабарлады. Бас прокуратура болса, сұрауды ішкі істер министрлігіне жолдап, жауапты солардан алу қажет екенін көрсетті.


"Балаларыммен аулада жүрмін": Экс-министр Жақсылықов өзінің қамауға алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды


Министр Балаева Сара Назарбаеваның қаза болғаны жөніндегі қауесетті "қатігездік" деп бағалады


Еске салайық, 8 маусымда президенттің жарлығымен Руслан Жақсылықов қорғаныс министрі қызметінен босатылған еді. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде және кейбір БАҚ-та оның ұсталғаны туралы түрлі ақпараттар тарай бастады. Кейбір басылымдарда бұл жағдайдың сыбайлас жемқорлық не қаржылық қылмыстармен байланысты болуы мүмкін екені айтылған.

Сәл кейінірек журналист Михаил Козачков өз дереккөзіне сілтеме жасап, Жақсылықовтың расымен де бір қылмыстық іс аясында тексеріліп жатқанын жазды. Оның айтуынша, арнайы қызметтер "шұғыл тергеу әрекеттерін", яғни тінту жұмыстарын жүргізген. Бірақ әзірге Жақсылықов күдікті ретінде танылған жоқ.

Айта кетейік, Жақсылықовтың орнына қорғаныс министрі болып Дәурен Қосанов тағайындалды. Ол бұған дейін қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы қызметін атқарған.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 16 Маусым, 2025 17:33
Талқылау