Руслан Берденовке ота жасалды, өміріне еш қауіп жоқ
Фото: Іnstagram.com/ruslan_berdenov
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке кеше түнде оқ тиіп, қалалық ауруханаға жеткізілді. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкент денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер ота кезінде қан кетуін тоқтатып, жарақатын емдеді. Қазір науқыстың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
“Науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Ол дәрігерлердің бақылауында және қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.
Шымкент әкімдігі Руслан Берденовке жасалған шабуыл туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
“Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға оның шабуылдаған адамның әйеліне тиіскені туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейміз”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ әкімдік шабуыл жасаған адамның ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлім етті.
“Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Еске салсақ, осыған дейін Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткенін жазғанбыз. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды. Бірі Руслан Берденов шабуыл жасаған адамның әйеліне тиісті десе, енді бірі бұл жағдайды Шымкенттегі құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланыстырды.

"Күн сайын 20 000 теңге беруге уәде берген": Қазақстандық азамат ИП-сын жалға беріп, алаяқтардың құрбаны болды
