"Детектордан өтуге дайынмын": Руслан Берденов сотта Жиембайдың мәлімдемелерін жоққа шығарды (видео)
Фото: Видеодан скрин
Шымкентте әкімнің орынбасарына қастандық жасау ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеп-сұрау кезінде жәбірленуші Берденовтен прокурор айыпталушының әйелін таныған-танымайтынын сұрады.
"Сіз оның Instagram парақшасына немесе басқа әлеуметтік желілердегі жазбаларына лайк басып, пікір қалдырдыңыз ба?" – деп сұрады прокурор.
Берденов бұл жайттың бәрін үзілді-кесілді жоққа шығарды.
"Жоқ, мен оны білмеймін. Білген де жоқпын, қазір де білмеймін. Оның сол күні берген жауабы бар, онда ол да мені көрмегенін растаған. Тағы да айтамын, мен мұны полиграфта немесе жалғандықты анықтайтын детекторда дәлелдеуге дайынмын", – деді әкім орынбасары.
Сотта Руслан Берденов сөз сөйлеп, оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ол оқ атқан адамның жары Луиза Алданованы мүлде танымайтынын және онымен жеке қарым-қатынасы жоқ екенін айтты. Содан кейін прокурор Ернар Жиембайдың не себепті оған оқ атқанын сұрады. Берденовтің айтуынша, Шымкент қалалық тұрғын үй шаруашылығы басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-да тазалыққа қатысты мәселелер болған, ал Жиембайдың өз қызметінде де кемшіліктер кездескен.
"Бізде мейрамханада ешқандай тұрмыстық басқосулар болған жоқ. Барлығы әкімдік ғимаратының алдында болды. Барлық отырыс менің кабинетімде өтті. Біз басқа жерде кездеспедік те, сөйлескен де жоқпыз. Мен – өз жауапкершілігімді анық түсінетін адаммын. Мен саяси қызметкермін. Кабинетте арнайы құрылғы бар, ол жерде ойға келгеннің бәрін айтуға болмайды. Айтылып жүргеннің бәрі жалған", – деді ол.
Берденовтің пікірінше, Жиембай берген жауаптар өз кінәсін жеңілдету үшін жасалған. Ол ер адам өз әрекетіне өзі жауап беруге тиіс деп есептейді, ал әйелін іске тарту "өте төмен әрекет".
Прокурор “Әкімдік қызметкерлері немесе көмекшілер арқылы Жиембайға "егер ол отставка туралы арыз жазбаса, соттайды" дегенді жеткіздіңіз бе?" деп сұрады.
Берденов мұны да үзілді-кесілді жоққа шығарды.
"Жоқ, бұл мүмкін емес", – деді ол.
Берденов қастандықты өзінің қызметтік жұмысына байланыстырып отыр. Оның айтуынша, Жиембайды өмірінде небәрі үш рет қана – әкімдіктегі жиындарда көрген. Сондай-ақ Жиембай Луиза Алданованың ағасы арқылы оған "кешірім" жайында хабар жеткізбек болғанын айтты. Бірақ Берденов мұны татуласуға емес, қысым көрсетуге талпыныс деп бағалаған. Сотта Ернар Жиембай да, оның әкесі де жәбірленуші Руслан Берденовтен кешірім сұрады.
"Өлтір": Шымкент сотында Руслан Берденовке жасалған қастандықтың тағы бір видеосы көрсетілді
Руслан Берденов Шымкентте ұсталған сәулет басқармасы басшысының "өз адамы" екенін жоққа шығарды
Еске салайық, бұған дейін сот отырысы кезінде Руслан Берденовтың алған жарақаттары көрсетілгенін жазған едік. Сотта куәгерлерден жауап алынды. Гауһар Нұржанова алдымен қатты дыбысты отшашу деп ойлағанын, кейіннен оның оқ атылғанын түсінгенін айтты. Жараланған адамға алғашқы көмек көрсеткенін жеткізді. Жиембайдың досы Бағлан Момынов оған сөмкесін көтеруге көмектескенімен, ішінде не барын білмегенін айтты. Ал Талап Рахымбердиев Жиембайдың әкімдікке дайындықсыз, ресми емес киіммен келгенін және Берденовтің ескертуінен кейін мінез-құлқы өзгергенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Жиембай мас күйінде хабарласып, “Өлемін немесе оны өлтіремін” деп қорқытқан.

"Екі күйеу жігіттің де есімі – Нұрсұлтан": Алматылық әпкелі сіңлі бір күнде ұзатылып, ерекше той жасады
