Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Руслан Берденов Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кетті

руслан берденов

Фото: Gov.kz

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов енді Respublica партиясының тең төрағасы қызметін атқармайды.

Берденовтың төраға қызметінен кеткенін партияның баспасөз қызметі растады.

Руслан Берденов 24 ақпанда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды. Тағайындалған соң, мәжілістегі депутаттық өкілеттігін тоқтатты.

Еске салсақ, 22 сәуірге қараған түні Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны туралы ақпарат тарады. Ол  жамбас және иық тұсынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды. Бірі Руслан Берденов шабуыл жасаған адамның әйеліне тиісті десе, енді бірі бұл жағдайды Шымкенттегі құрылыс саласындағы былықтармен байланыстырды. Кейінірек әкімдік өкілдері шабуыл жасаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.

22 сәуірде Руслан Берденовке қастандық жасаған деп күдіктелген Ернар Жиенбай туралы деректер тарай бастады. Онда Жиенбай Берденовті қызметінен босатпақ болғаны үшін кек алу мақсатында атқаны айтылған.

Кейін Ернар Жиенбайдың әкесі мәлімдеме жасап, тергеу мен сот әділ түрде істің барлық мән-жайын анықтайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар халықтан асығыс қорытынды жасамауды және эмоцияға берілмеуді сұрады.

Бас прокуратура өкілдері істі Шымкент қаласының полиция департаменті тергеп жатқанын хабарлады. Тергеу Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысты істеуге оқталу) және 99-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы (Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге оқталу) бойынша жүргізіліп жатқаны мәлім болды.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 14:02
Талқылау