Румынияда "ҚазМұнайГаздың" Petromidia зауыты аумағындағы жаңа жылу электр станциясында технологиялық сынақ жүргізілді
Алғашқы турбиналарды іске қосу рәсіміне "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Қазақстан Республикасының Румыниядағы елшісі Ерлік Әли, Румынияның SAPE мемлекеттік компаниясының бас менеджері Богдан Станеску, "Calik Enerji" бас директоры Темел Котил қатысты.
Жобаның бас мердігері "Calik Enerji" — инжиниринг, сатып алу және құрылыс саласындағы компания "Rompetrol Energy" мамандарымен бірлесіп, Нэводари қаласында орналасқан ЖЭС-тің газ турбиналарын Румынияның ұлттық электр желісімен синхрондау сынақ жұмыстарын және "Petromidia" мұнай өңдеу зауытымен интеграциялауды жалғастырады.
Инвестиция көлемі 164 миллион долларды құрайды.
Жылу электр станциясы сағатына 70 МВт өндіретін болады. Соның есебінен "Petromidia" мұнай өңдеу зауытының энергияға қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі.
Siemens компаниясы жасап шығарған SGT-750 газ турбиналары Румынияда алғаш қолданылуда.
Жоба Қазақстан-Румын энергетикалық инвестициялық қоры (FIEKR) арқылы жүзеге асырылып жатыр. Қорды 2018 жылы қазан айында ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы — KMG International (80%) және "Societatea de Administrare a Participaţiilor în Energie S.A." компаниясы (SAPE, Румынияның Энергетика министрлігі ұсынған, энергетика саласындағы үлестерге әкімшілік реттеу жүргізетін мекеме, 20%) құрған болатын. Оның басты мақсаты — Румыниядағы энергетикалық жобаларды дамыту.
Румынияға жұмыс сапары барысында ҚазМұнайГаз басшысы сондай-ақ "Вега" (Плоешть қ.) және "Петромидия" (Нэводари қ.) мұнай өңдеу зауыттарында болып, кәсіпорындардың өндірістік және қаржы есептерін тыңдады.
Сонымен қатар А.Хасенов Rompetrol-дың жанармай құю станцияларының жұмысымен танысты.