Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рудныйдың бұрынғы прокуроры пара алу әрекеті үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды

прокурорФото: kstnews.kz

Қостанай облыстық соты Рудный қаласының бұрынғы прокуроры Мұрат Оспановқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Биыл қыркүйек айында ол Рудныйдың прокуроры қызметін атқарып жүрген кезде ірі көлемде пара алуға оқталған деген күдікпен ұсталған. Сотта оған Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы – "ірі көлемде пара алуға оқталу" бойынша айып тағылғаны белгілі болды.

Іс ашық түрде өтті. Тергеу дерегінше, айыпталушы қала әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысынан 39-шағынаудандағы абаттандыру жұмыстарына қатысты тексеруді тоқтату және қаржы жымқыру ісін қысқарту үшін ақша талап еткен. Бұл туралы шенеуніктің өзі ҰҚК-ге арыз жазған.

Мұрат Оспанов параны Қостанай қаласындағы дүкендердің бірінің маңында, өз Toyota Land Cruiser автокөлігінде алып жатқан сәтінде ұсталды.

"Маған 5-7 жылдан бері таныс адам хабарласып, Рудный әкімдігі құрылыс бөлімінің бастығымен деген адаммен таныстырды. Ол оны жиенім деп таныстырып, көмектесуді сұрады. Мен құжаттарын көрсетуді сұрадым, ол көрсеткен жоқ. Үшінші кездесуде ол маған сыйақы беретінін айтып, бұрын соттың жеке ұйғарымы негізінде қозғалған, жалақыны негізсіз төлеуге қатысты тексеру мен қылмыстық істі тоқтатуға көмектесуімді сұрады. Мен 20 миллион теңге сұрадым. Екі аптадан кейін ұсталдым", – деді Оспанов сотта.

Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады, сондықтан іс сотта қысқартылған тәртіппен қаралды.

"Егер пара ретінде алынған ақша жалған немесе ішінара қолдан жасалған купюралар болса, мұндай әрекет пара алуға оқталу ретінде сараланады. Осыған байланысты Оспановтың әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша саралау дұрыс деп есептеймін. Істі қайта саралауға негіз жоқ", – деп түсіндірді прокурор Еркебұлан Айтбаев.

Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

"Мұрат Оспанов кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылсын. Орта қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтесін. Мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылсын. "Аға әділет кеңесшісі" шенінен айырылсын", – деді судья Нұрлан Бекішев.

Айта кетейік, Мұрат Оспанов Рудный қаласының прокуроры қызметіне 2024 жылғы 6 қыркүйекте тағайындалған еді. Ал 22 қазанда бұл қызметке Асқар Бұрбаев ( аға әділет кеңесшісі) тағайындалды.

Бұған дейін Рудный қаласының бұрынғы прокуроры 20 миллион теңге пара алмақ болды деген күдікке ілінгені хабарланды.

Айнұр Мұхади
Жұма, 31 Қазан, 2025 16:42
Талқылау