Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Роза Рымбаева: Жанды дауыспен ән айтуға байланысты заң шықса, барлығы өзгереді

Әйгілі қазақ әншісі Роза Рымбаева шығармашылығындағы жоспарларын айтып берді. 

_W7A9547

Роза Қуанышқызы, жақында мерейлі 60 жасқа келесіз. Мерейтойыңызға орай халыққа есептік концерт беру ойыңызда бар ма?

— 60 жас деген есеп беру немесе өмірдің аяқталуы емес, кезекті туған күн ғой. Жалпы, концерт күнде болады. Ертең Түркіменстанға барамын, Ашхабадта концертім болады. Жуырда ғана Мәскеуден келдім. 15-і күні Бішкекте концерт беремін. Орал қаласында симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен концертім болады. Концерттерім тоқтаған емес.
ЭКСПО кезінде Астана қаласының әкімдігі бастамасымен мерейтойыма байланысты концерт өтеді.

Сіз конкурстар арқылы, соның ішінде халықаралық конкурстар арқылы танылған әншісіз. Кеңес Одағы кезінде қанша байқаудың жеңімпазы атандыңыз? Соның ішінде есте қалған конкурсыңыз қандай?

— 7 конкурстың жүлдесін жеңіп алдым. Барлығы есімде. Әртүрлі бағдарлама, әртүрлі мемлекет, әртүрлі қатысушылар. 1979 жылы Түркия мемлекетінде «Алтын микрофон» байқауына қатысқан едім. 15 күн бұрын караокеге қатысып, оны да жеңіп шықтым.

Қазіргі күні халықаралық байқауға қатысып жатқан Димашты сізден артық ешкім түсінбейтін шығар. 18 жасыңызда халықаралық байқауда бас жүлде алған әншісіз. Финалға («Мен әншімін» байқауы) да санаулы күндер қалды.

— Бүгінгі заманда танылуға мүмкіндіктер зор. Бір мемлекетте өтіп жатқан шараны дүниежүзі көре алады. Біздің кезімізде интернет болған жоқ. Қатысушы елдердің келісімі бойынша бағдарлама көрсетіледі. Сол кезде ғана біздің елдің көруіне мүмкіншілік туатын. Қазір интернеттен кез келген елдегі байқауды, кез келген әншінің концертін көруге болады. Музыка саласындағы кез келген көрсетілім қолжетімді. Тыңдағың келсе, кез келген әншінің әнін тыңдай бересің. Кезінде біздің танылуымыз қиындау болатын. Димашты қазір дүниежүзі тыңдай алады. Басты айырмашылығы осы.

Димаштың талантына қандай баға бересіз?

— Өте жақсы. Вокалдың деңгейіне жалғыз мен емес, бүкіл әлем баға беріп жатыр. Бірегей, өте сирек кездесетін дауыс. Орындап жатқан әндері де конкурстық әндер. Димашқа тек қана жеңіс тілеймін. Әлем Димаш арқылы Қазақстанды танып, Димаш арқылы біздің әншілерді біліп, ән өнерінің жоғары деңгейде екенін мойындап жатыр. Қуанамыз. Жалпы, мен бағалайтын біршама жас әншілер бар. Мысалы, Бауыржан Исаев, Жұбаныш Жексенұлы, Алтынай Жорабаева, Гауһар Қаспақованы жақсы көремін.

Сіз дау-жанжал, айғай-шудан, тіпті саясаттан да алыс жүретін жансыз. Тек өз ісіңізбен айналысқанды жақсы көресіз, солай ма? Мысалы, бүгін әнші, ертең продюсер, үшінші күні жоқ болып кететін кейбір әріптестеріңіз бар. Осындай келеңсіздіктерден бойыңызды аулақ ұстауыңызға не себеп?

— Тазалық қанмен беріледі. Әке-шешем де, марқұм күйеуімнің әке-шешесі де қарапайым, ауылдың адамдары еді. Біз ешқашан шен-шекпен, байлық қуған жан емеспіз, әрқайсысымыз өз сүйікті ісімізбен айналысып жатырмыз. Егер адам жүрегі қалаған өз ісін таба алмаса, бұл — қасірет! Мен бала күнімнен әнші болуды армандадым. Сол үшін оқыдым, талпындым. 42 жыл бойы кәсібім бойынша сахнада қызмет еттім. Ең сүйікті ісім де сахнаға шығып, халыққа өзімнің шығармашылығымды көрсету. Мен үшін байлық, саясат екінші, үшінші мәселе болуы мүмкін. Үш рет депутаттыққа ұсынылғанмын. Үш рет те бас тарттым. Мен шығармашылық адамымын, музыкамен өмір сүремін. Егер бизнеспен айналыссам, әншілігімнің сапасы төмендейтіні сөзсіз. Ешқашан басқа бір мамандыққа қызыққан емеспін. Ал бүгін әнші, ертең продюсер болғандар өзінің әншілік мүмкіншілігін білгендер ғой. Әні, музыкасы жоқ әншілердің жоғалып кетуі заңды.

«Аспанға қараймын» әні, ол — частушка

Сіз «Аспанға қараймын» әнін мүлдем тыңдамаймын деп едіңіз. Бірақ соны депутаттармен бірге айтып шықтыңыз ғой…
— Ол ән, былайша айтқанда, халықтың «частушкасы» ғой. Бұл музыка емес, частушка. «Чип-чип» те сондай. Егер жоғары жақ соны таңдап алса, оның да бір себебі бар. Сол кездегі саяси жағдайларға байланысты халықтың басын қосу үшін керек болған шығар. Мен әлі де ол әнді де, сол әншіні де жақсы көрмеймін. Ол әншіні музыкант деп санаймын. Частушка орындайтын әншілер бізде көп, өкінішке орай. Тойдың әншісі емеспін, тойдың әнін айтпаймын. Тойға мені шақырса, жұртты билету үшін шақырмайды, менің әндерімді тыңдау үшін шақырады.

Бір сұхбатыңызда репертуар таңдау өте қиын депсіз. Соңғы уақытта жаңа әндеріңіз жарыққа шығып жатыр ма?

— Менің талғамым бойынша қиын, әрине. Жаңа әндерім көп. Бүгінгі композиторлардың көңілімнен шықпайтыны рас. 42 жыл бойы ән айттым, қоржынымда біршама әндерім бар. Алайда, көрермен баяғы «Әлияны», баяғы «Атамекенді» аңсайды. Себебі құлаққа сіңісті болып қалған. Мені сол әндермен әнші ретінде бағалаған. Қазіргі кездерде музыка, стиль де өзгеріп жатыр. Оны кез келген тыңдарман қабылдамайды. Әрине, кез келген концертім жаңа бағдарламамен, жаңа репертуарлармен өтеді.

Халық жанды дауыста ән айтатын, вокалдық мүмкіншіліктерін көрсете алатын әншілерді ұнатады. Бізде диапазоны жоғары әншілер бар, бірақ соны көрсетуге құлықсыз немесе ізденбейтін секілді.

— Бізде мынадай түсінік бар, мысалы, менің репертуарым тек «Әлиядай» болуы керек. Дұрыс емес қой, әннің барлығы бір сарында болып кетеді. Диапазонды көрсету мақсат емес. Ән адамның жан дүниесін, музыкалық деңгейін көрсету керек. Музыкалық деңгейді көрсету дегеніміз міндетті түрде жоғарғы диапазонда айғайлап, шыңғырып айту емес. Әнді жанды дауыспен айтсын деген заң шықса, әншілердің тең жартысы сахнадан кетеді.

Сіздің деңгейіңізді білеміз. Жанды дауыста ән айту туралы заң шықса, өзге әріптестеріңізден айырылып қаламын деп қорықпайсыз ба? Осы орайдағы депутаттың ұсынысына қалай қарайсыз?

— Қорықпаймын. Неге қорқуым керек? Менің жақсы көретін әншілерім сахнада қалады. Депутаттың ұсынысын қолдаймын. Парламентке жеткеніне қуаныштымын. Он жыл бойы осы мәселені қаузап келеміз.

99 пайыз еңбек, 1 пайыз талант деп жатады ғой. 99 пайыз еңбектенетін әншіні білемін. Бірақ оның 1 пайыз дауысы жоқ. Әнші қандай болу керек?

— Қазір кез келген адам жұлдыз бола алады. Компьютермен өңдеп, фонограммамен айта береді. Бұрын он әнші болса, қазір жүз әнші бар. Жанды дауыспен ән айтуға байланысты заң шықса, барлығы өзгереді. Дауысы жоқтар сахнаның сыртында қалады. Әншіде алдымен табиғат берген дарын болу керек. Екінші, кәсіби білім керек. Ешкімде қайталанбайтын ерекше қасиеттер болуы керек. Шынайы тазалық қажет. Әншінің айтып тұрған әні мен өмірлік принциптері бірдей болса, кәнеки.

Жанды дауыспен ән айту үшін толық техникалық жағдай жасалған ба?

— Өз басым қандай аппаратура болса да жанды дауыста айтамын. Дауысың болса, кез келген аппаратурадан шығып тұрады.

Бізде музыкалық байқаулар «ұлттық музыкалық байқау» деп жап-жақсы басталады да мүлдем аяқсыз қалады. «Астана жұлдызы» үш-ақ рет өтті. «Жыл таңдауы» байқауының жыл соңында өтеріне сенім жоқ. Жыл сайын тұрақты өтетін байқаулар әншілердің дамуына, шығармашылық өсуіне үлкен шабыт сыйлайды емес пе?

— Конкурстар көп болу керек. Жалпы бұл теледидар мамандарына қоятын сұрақ деп ойлаймын. Мұндай байқауларды телевидения саласында жүрген мамандар, продюсерлер ұйымдастырады. Көп жағдай ақшаға келіп тірелетіні сөзсіз.

Туған жеріңіз Семейге қаншалықты жиі барып тұрасыз? Оның бүгінгі келбеті сізді алаңдатпай ма?

— Елім ғой. Қыста бардым. Семейде, Курчатов, Аягөз қалаларында болдым. Бүгінгі келбеті мұңды, әрине. Бұрынғы Семей емес. Қаражат бөлінбей жатса керек, құлдырап, халықтың тіршілігі де төмендеп кетті. Бала күнімізде Семей мен үшін ең керемет қала болатын. Соңғы кездері қараусыз қалғаны жанға батады.

Сізді интернетте «өлді» деп те шығарды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланып, интернеттен ең көп қаралған мақала болыпты. Ертең олар бұдан басқа да түрлі қауесет таратпасына кім кепіл? Жалған ақпарат таратып қоймай, сіз арқылы пайда тауып отырғандармен күреспедіңіз бе?

— Олар мені алкоголизмнен емделді деп те шығарған. Олардың сайтын іздеп, ізін қуалау түк пайдасыз. Мәскеуден шығарады екен. Түбін қазу мүмкін емес.

“Қазақстан-Заман” газеті

Тағы да оқыңыз:

Павлодар тұрғыны: Төреғали Төреәліге баламның аузына түкірткіміз келеді

Өзін өртеп көз жұмған әйелдің қызы полицей Үмбеталиевтің былықтарын айтып берді (видео)

ҰБТ дауы: Тележүргізуші “Алтын белгі” алған қызының жаңа тізімде шеттетіліп қалғанын айтты (видео)

Талқылау