Роза Рымбаева: Біздің кейінгі әртістердің өмірі тек қана той-думан болып кетті
Роза Рымбаева биыл меншікті мерекесін өзінің туған жері Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында атап өткен болатын. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Халық әртісі, жерлестерінің ортасында ерекше әсерге бөленіп қайтқанын айтады.
Туған жерінде қарапайым қарашаны әнмен сусындатса, Роза Қуанышқызына деген жергілікті атмінерлердің де құрметі ерекше. Әрі тосын сыйлары да таусылмақ емес…
«Ауылым маған Жарма ауданының «Құрметті азаматы» деген құрметті атақ берді. Халықтың құрметінен артық қандай құрмет керек. Сол туған күнімді ауылда тойладым. Анығын айтқанда сахнада өткіздім», – дейді Роза Рымбаева.
Халық әртісі бұл қадамым кейінгі ұрпаққа үлгі болса деген ниетте. Өйткені, сауық-кештің көркі болған қазіргі эстрада өкілдеріне Роза Қуанышқызының азды-кем өкпе-реніші бар көрінеді.
«Жалпы мен той жасап, банкет жасап, үлкен бір ресторанда балқып-шалқып, оны бір теледидардан көрсеткенді жек көремін. Өкінішке орай біздің кейінгі әртістердің өмірі тек қана сол той-думан болып кетті. Мен соларға әдейі үлгі болсын деген мақсатпен, туған ауылыма барып қайырымдылық концертімді бердім», – дейді Халық әртісі.
Туған күнін халықпен бірге тойлау туралы идея Роза ханымның жадынан өшкен емес. Өйткені, Рымбаева үшін тыңдарманның ықыласынан артық қошемет жоқ. Сондықтан болар, шақырған жерден бас тарта алмайды.
«Шақырған жерден қалма дейді ғой. Ауылым шақырған сайын барамын. Семей облысында қаншама аудан бар. Былтыр Аякөз ауданында болдым. Одан кейін өзімнің күйеуімнің ауылында болдым Үшаралда. Аудандар шақырғанда қуана-қуана барамын. Себебі біз өте сирек барамыз шалғайда жатқан ауылдарға. Ауылдың қазіргі жағдайын жақсы білесіздер. Сондықтан, қарапайым көрермен, қарапайым менің жерлестерімнің алдында ән шашуменен өткіздім биылғы туған күнімді», – дейді Рымбаева.
Алпысты алқымдаған Роза Рымбаеваның сахнада жүргеніне биыл 42 жыл толып отыр. Бақытты әнші, аяулы ана! Алайда, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленген тұлғаның алдағы арманын сұрап көрген едік.
«Ендігі арманым екі баламның бақытты болғанын көру. Әншілік өмірімді бақытты өткіздім деп айта аламын. 42 жыл сахнада жүрмін, осы уақыт ішінде менің тыңдарманым бар, көрерменім бар. Сондықтан мен өзімді бақытты әншімін деп ойлаймын. Ендігі бар арманым балаларымның жігіт болғанын, азамат болғанын көру», – дейді Роза Қуанышқызы.
Оқи отырыңыз:
Жұлдыздар көпшілік біле бермейтін қорқыныштары туралы айтып берді
Гүлбану Әзімханова «Әлем аруы-2017» байқауының финалына жолдама алды (фото)