Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Роза апамыз да тойға барады: Өнер иелері Ернар Айдарды сынаған Рымбаеваға қарсы шықты

Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаеваның әнші Ернар Айдарға қаратып айтқан сыны өнер иелерін бей-жай қалдырмады. Кішіпейілділігі мен қарапайымдылығының арқасында қарапайым халықтың ғана емес, өнердегі аға буынның да жүрегінен орын алған Ернарды әріптестері жақтап сөйледі. Мақпал Жүнісова бастаған өнер майталмандары Роза Қуанышқызының пікірімен келіспейтіндерін жеткізді.

Роза апамыз да тойға барады: Өнер иелері Ернар Айдарды сынаған Рымбаеваға қарсы шықты

Отандық танымалдар бұл туралы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтқан, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.

“Басы-қасында болмағаннан кейін ештеңе айта алмаймын. Дегенмен Роза апамызға да ешқандай қарсылығым жоқ, Ернар ешқандай байқауға қатысып жатқан жоқ. Бірақ халықтың алдында қолынан келгенше өнерін көрсетіп жүр. Ернар Айдар егер әнші болмаған күнде, халық неге оны жақсы көреді? Себебі халыққа жағымды, халық тыңдағысы келетін әндерді орындайды.

Артымыздан еріп келе жатқан інілеріміздің, бауырларымыздың бетіне бағатындай нәрсе көріп тұрған жоқпын”, – деп пікірін білдірді Мұқасан Шахзадаев.

Саят Медеуовтің де пікірі осыған ұқсас. Әншінің айтуынша, өнерде жүрген тұлғалардың басым дені тойға барады. Тіпті, Роза Қуанышқызының өзі де.

“Шынымды айтайын, мен ол кісінің пікірі жайлы оқыған жоқпын. Бірақ енді неге Ернар деп бөліп айтқанын түсінбедім. Той-томалақта жүрген әншілердің ішінде мен де бармын. Оның ішінде Мақпал апамыз да, “Музарт” тобы да, тіпті, соны айтып отырған Роза апамыздың өзі де бар. Тойдың әншісі деп бөлуге болмайды. Олай айтқан дұрыс емес шығар. Байқауға келмейтін әнші десе, мүмкін келісетін едім. Ал енді тойдың әншісі дегенге келіспеймін. Ол кісі Ернарды тыңдап көруі керек шығар. Жалпы алдыңғы буын көңілі толмайтын әншілерді шақырып алып, сынақ өткізуі керек шығар?! Сол жерде тыңдап, “тірі дауыста ән айта алмайды” деп әншінің өзіне айту керек шығар?!” – деп ұсынысын білдірді ол.

Ал ашуға мінген Мақпал Жүнісова замандасы әрі әріптесі Роза Рымбаеваның пікірімен түбегейлі келіспейтінін мәлімдеді. Ол Роза Қуанышқызын талай тойдан көргенін алға тартып, жастарды орынсыз сынамауға шақырды.

“Тойдың әншісі не болмаса сахнаның әншісі деп бөлуге болмайды. Жалпы тойда болған халық – концертке келетін де халық. Сонда тойдағы халықтың деңгейі төмен деп айтуға бола ма? Қаншама біздің жақсыларымыз аналарының 60 жасы, 80 жасы, алтын тойы, күміс тойына шақырады. Сонда 10 бала көтерген асыл аналарымыздың деңгейі төмен ба? Неге біз ол жерге барғанымызды намыс деп санауымыз керек? Неге тойдың әншісі деп бөлуіміз керек? Жалпы Роза апамыздың әңгімесі дұрыс әңгіме емес. Ол кісі де тойда ән айтып жүр, талай тойда өз көзіммен көрдім. Онда біз де оған “тойдың әншісі” деп айтайық.

Жалпы жастар былапыт өлең айтпаса болды деп ойлаймын. Көңіл көтеретін, мерекеде ән салып жүрген жастарды жоққа шығаруға болмайды. Болмайтын, боғауыз әндерді айтып жүргендер де бар. Соларды жөнге салу керек. Ол баланың (авт. Ернар Айдар) дикциясы өте жақсы, қазақтың әрбір сөзін жақсы айтады. Талпынып жүрген еңбекқор бала. Ол жағын да атап өту керек. Бәріміз де жас болғанбыз. Бірде бармыз, бірде жоқпыз дегендей, сыйласып өткенге не жетсін?!” – деп пікір білдірді Халық артисі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ернар Айдардың өзі Роза Қуанышқызының сынына жауап берген болатын.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау