Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Росатом" бақылауында болған "Ақдала" уран кен орны Қазақстанға қайтарылмақ

Фото: "ҚазАтомӨнеркәсіп" ұлттық компаниясы

“Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясы Ақдала уран кен орнын өз бақылауына алмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақдаладағы келісімшарт бойынша уран өндіру құқығы қазір Southern Mining and Chemical Company компаниясына тиесілі. Бұл “Қазатомөнеркәсіп" (30%) пен “Росатом" мемлекеттік корпорациясының еншілес компаниясы Uranium One (70%) арасындағы бірлескен кәсіпорын.

Заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес, “Қазатомпром” кенді пайдалануға келісімді ұзартқанда кемінде 90%-дық үлеске ие болуы тиіс. Бұл Ақдала кен орнын бақылауға алудың алғашқы жағдайы болмақ. 


Атырау облысында Теңіз кен орны аумағында өрт шықты


Қазақстан Chevron компаниясымен Теңіз кен орны бойынша келіссөздерді бастады


“Қазатомөнеркәсіп” Ақдала кен орнында 2001 жылы 28 наурыздағы уранды барлау және өндіру келісімшарты бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының мерзімі аяқталғанын хабарлады. Құзыретті органнан 2026 жылы 28 наурыздан бастап бұл құқық тоқтатылатыны туралы ресми хабарлама келген. Осылайша, келісімшарт мерзімі аяқталған соң кен орнын пайдалану құқығы күшін жояды. Сонымен қатар, кен орнын “Қазатомпромға” сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданған. Бұл Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану" кодексінің 164-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

Компанияның мәліметінше, келісімшарт мерзімі аяқталған кезде Ақдала кен орнында шамамен 1,5 мың тонна өңделмеген уран қоры қалады деп болжанып отыр. Бұл қорды 2030 жылға дейін, өндіру қарқынына сәйкес, толық игеру қажет. Мақсат – кен өндіруді тоқтатпау және технологиялық процестің бұзылмауын қамтамасыз ету.

Осыған байланысты компания Ақдала кен орнын пайдалану бойынша жаңа келісімшарт алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл өндірістік потенциалды сақтау және кенді пайдалану мерзімін ұзарту үшін қажет.

Ұлттық компанияның хабарлауынша, Ақдала бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарты бойынша барлық міндеттемелер орындалған.

Есепте “Қазатомпромның” 2025 жылы уран өндірісі 11% өсіп, 25 839 тоннаға немесе 67,18 миллион фунт уран оксидіне (U3O8) жеткені көрсетілген. Сол жылы сату көлемі 18 495 тоннаға немесе 48,08 миллион фунтқа жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 11% артқан. Ал уранның орташа сатылым бағасы 6% төмендеп, фунты 65,1 доллар болған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның ең ірі мұнай кен орнындағы өндірістің тоқтауына байланысты мұнай бағасы өскені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 02 Ақпан, 2026 22:07