Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ринат Зайытов: Анамның айтыстарымды көргенін қаламаймын

Айтыскер ақын Ринат Зайытов өзінің айтыстарына анасын шақырмайтынын айтты. Мұны оның жүрегін ауыртқысы келмейтіндігімен түсіндірді.

5D505C27-BD4C-45DF-839D-FC224C3C28E8_mw1024_mh1024_s

Бұл туралы Астана арнасының “Аналар” бағдарламасында айтылды.

Елімізге танымал айтыскер ақын Ринат Зайытов бүгінде төрт баланың әкесі. Айша, Ақжүніс, Аягөз есімді қыздары мен Оспан атты ұлы бар. Ешнәрседен тайсалмайтын ақын анасын өзі қатысқан айтысқа алып келуден қорқады екен. Анасы баласының Семейде өткен бір ғана айтысын тамашалаған. Толықтай көріп, баласына қарсы айтылған сөздерді көтеруге жүрегі шыдамаған көрінеді.

“Анамды айтысқа әкелуге зауқым соқпайды. Студент шағымда Дулат Исабеков әңгімесінің желісімен жазылған қойылымда басты рөлді сомдадым. Небәрі 17-18 жаста болсам да, шалдың рөлі тиді. Анам көріп отырып, қойылым әбден ортасына келген кезде, “Менің балам қайда?” деді. Қасындағылар басты рөлді сомдап жүргенімді айтқан. Сол сәтте анашым көзіне жас алып, қатты жылаған болатын. Бұдан кейін жылағанын еш көргім келмеді. Ол залда отыратын болса, менің өзім қобалжып кететін шығармын. Сахнада тұрып жақын жанашырыңның да қасыңда екенін білу қиын”, – дейді Ринат Зайытов.

Айтыскер ақын анасының өздерін асыраймын деп қатты қиналғанын айтады. Тіпті анасын жұмыс істеткізбей, тек берекеде өмір сүретіндей жағдай жасаймын деп өзіне уәде берген. Зайытов айтыстан алған алғашқы жүлдесін үйіне қуанышы қойнына сыймай алып келгенін айтады.

“Бұл айтыстағы алғашқы қуанышым, мақтанышым шығар. Өзім ұтып алған магнитофонды әкеле жатқанымда іштей қанағаттандым. Өзіңді бағып-қаққан ананың қалай қиналғанын айту ауызға жеңіл шығар. Бірақ 40 градус аязда немесе аптап ыстықта табанының қара жерге шаншылып, сен үшін тер төгіп жүргенін көру өте қиын. “Мама, мен өскен кезде сіз бұлай тұрмайсыз” деп айтатынмын. Сондай бір арманның баспалдағына жеткеніме бақыттымын. Әуелі Алланың өзі ананы ерекше мейірімді етіп жаратады. Перзент құрсақта жатып бұл дүниеге шыққысы келмейтінін айтады екен. Сонда періште “Ол жақта сенің қасыңда Алла жіберген екі періште жүреді” деп құлағына сыбырлайды екен . Сол періштелер анамыз бен әкеміз ғой”, – дейді Зайытов.

Ал Ринат Зайтовтың жарына айтыскер ақынның өзі де, ата-енесі де риза. Әлі күнге дейін Зайытовтың ата-анасы балаларына дұрыс таңдау жасағанын айтатын көрінеді. “Менің ұстазымның шешесі бар еді. Бихан апамыз ауылға келіп тұратын. Үйіне барып амандасып қайтамыз. Ол кезде Сара, Қарлығаш бәріміз араласып жүрміз. Зүлфия да келіп жүреді. Біреуі үй жинайды, енді бірі тамақ жасап, жүн түтеді. Анығын айтқанда Зүлфия жүн түтеді. Бір күні апама “Қыздар көп қой. Қайсысына үйленгенім дұрыс?” дедім. Ол кісі жүн түткен бойжеткенді жөн көрді”, – деп Ринат Зайытов ананың сөзін құп көріп, көп ойланбастан жүрегін жүн түткен қызға ұсынған. Таңғы бес-алты шамасында қолына гүл алып Зүлфияның үйіне барған. Үйден бірінші қыздың әкесі шыққан. “Сен маған тұрмысқа шығасың ба, жоқ па?” деген ұсынысқа бойжеткен келісімін берген.

“Келінім тамақты да, салатты да, тортты да жақсы жасайды. Қонақ шақырсаң, лыпылдатып дастарханды жайнатып жібереді. Сөйлеген сөзі мен инабаттылығы әлі күнге дейін ұнайды. Алдымнан кесе-көлденең өтпейді. Мама, сіз сондайсыз деп бірауыз қатты сөз айтпайды. Бірдеме айтсам, жарайды деп келінім түсініп тұрады. Қонаққа барғым келетінін айтсам, қолыма ақша ұстатып қояды”, – дейді айтыскердің анасы.

Анасын осылайша риза қылған келіншегіне Ринат өлеңдер арнаған. Соның бірін Ғаділбек Жанай орындап жүр. Ол “Ханшайым” деп аталатын ән.

Анасы баласының ақын емес, актер болғанын қалаған. Төрт ұйықтаса да баласы айтыскер болады деген ой келмеген екен. Мұнымен қатар,  ақынның анасы немерелерінің ішінде Ринат мырзаның тұңғышын өзіне жақын тартатынын айтты.


Оқи отырыңыз:

Ринат Зайытов: Қатар ұлтпыз бағымыз бен сорымыз (видео)

Ринат Зайытов брейк билеп жұртты таң қалдырды

Төреғали Төреәлі: Ринат Зайытов Назарбаевтың адамы екен (видео)

Ринат Зайытов қызы мен жарын перзентханадан салтанатты түрде шығарды (видео)

Талқылау