Режиссер: Кинотеатрларда ашық порно көрсете бастайық
Режиссер-кинодокументалист Сергей Әзімов Нұрсұлтан Назарбаев туралы бірінші деректі фильмнің қалай түсірілгені туралы айтты және «кинода мемлекет көмегінсіз өмір сүруге бола ма?» деген сұрақтарға жауап берді.
Бұл туралы Азаттық хабарлайды.
Вячеслав Половинко: – 1990 жылдары деректі фильмге ақшаны қайдан алдыңыздар? Жалпы қаржы қайдан келеді?
Сергей Әзімов: – 1980 жылдары Арал теңізі туралы картина шығардым, сол фильм мені екі жыл асырады. Фестивальдерге барып, қаламақы алдым.
Сергей Әзімов: – Картиналарымнан бөлек, достарым мен таныстарым көмектесті. Сауда да жасадым: шам, шекілдеуік, кафель саттым. Ешкім танымасын деп кепкамды көзіме түсіріп кидім де (Лениндік комсомол жүлдесінің лауреатымын ғой) сауда жасадым. Сауда жақсы табыс әкелді: синхронды камера, көлік сатып алдым. Жеке тәуелсіз кино түсіруді бастасам деп армандадым.
Пётр Троценко: – Шам сатып, сонша ақша таптыңыз ба?
Сергей Әзімов: – Кафель де бар. Ақша табу қолымнан келді, бірақ неғұрлым көбірек тапқан сайын, соғұрлым көңілімді мұң басты. Бұл өз алдына бір жыр.
Сосын бір сәтте жолым болды: тәуелсіздіктің бес жылдығы жақындады. Оған үш ай қалғанда мерекеге арнап толық метражды кино түсірсем деген ой келді. Қайда, қалай, немен? 1996 жылдары Қазақстанда деректі кино құрып біткен еді. Деректі киноны таспаға түсіруді ешкім қажет етпейтін, өте қымбатқа түсетін. Тығырыққа тірелдік.
Билікке жақын таныстарым хабарласып: президенттің баспасөз қызметінде жақсы аппаратура бар деді. Оны сіздерге береміз, тек топ жасақтап, үш айда кино түсіріңдер деді. Ал ақшаны қалай береді? Киноны «Қазақстан» телеарнасы алатын болып міндеттелді, ал маған қалай төлейді? Нәтижесінде мені баспасөз қызметіне жұмысқа алды, үш айда кино түсірдік.
Сергей Әзімов: – 1999 жылы Володя Рерихпен бірге «Незнакомый Назарбаев. Пять вечеров» (Беймәлім Назарбаев: Бес кешкі кездесу) картинасын түсірдік.
Вячеслав Половинко: – Назарбаев қандай актер?
Сергей Әзімов: – Өзіне ұнайтын дүниелер туралы айтқанда жан-тәнімен баяндайды.
Пётр Троценко: – Харизмасы жеткілікті ғой?
Сергей Әзімов: – Әрине! Харизма ғана емес: Назарбаев — басқаларды өзіне тарта алатын, сендіре алатын адам. Туа бітті психолог.
Пётр Троценко: – Назарбаевпен қарым-қатынасыңыз қалай болды?
Сергей Әзімов: – Қалыпты болды, әркез басшылықтан алыс жүруге тырыстым. «Қазақфильмдегі» жұмысым кезінде де Назарбаевпен жолықтық (2002 бастап 2007 ж. дейін – Азаттық.). Кім не десе де, сол кезде «Көшпенділер» еліміздегі ең алғашқы ірі блокбастер және табысты фильм болды.
Біраз уақыт өткен соң күтпеген жерден қабылдау бөлмесінен телефон шалып, сізбен елбасы сөйлеседі деді. Мен «алло» дедім, содан басталды (сөгісті бейнелеп көрсетті – Азаттық). Қатты сынады, еркекше тура айтты. Назарбаев өте дұрыс талап қойды: «фильмде бірлік идеясы қайда?» деген сияқты.
Оның ашуы басылғанын күттім, содан соң сөйлей бастадым: мені естіп тұрғанын, дәлелдерімді түсіне бастағанын сездім: «Жақсы, не айтқың келеді?» деді.
Нұрсұлтан Назарбаевты мақтайтын тұсында мақтау керек. 2005 жылы шілденің 6-сы күні картинаның премьерасында оған микрофон берді, ол киноның ұнағанын айтты. Содан соң маған бұрылып: «міне, киностудия директоры отыр, бірнеше ай бұрын арамызда қолайсыз әңгіме болды. Оның қалай шыдағанын білмеймін, бірақ сөзімді қайтарып аламын» деді. Нағыз ерге тән мінез көрсетті.
Жақында «Үзілмеген үміт» атты өте жақсы картина түсірдік. Прокатқа шығарушылар оны алмайды: «пайдасыз» дейді. Демек еліміздегі тұрғындарды «топас попкорн» дәрежесіне түсіргенбіз.
Пётр Троценко: – Қазақстандық киноның өзіне тән «ерекше жолы» бар ма?
Сергей Әзімов: – Ох… Бұл туралы ойламаппын да. Бірақ, Құдайға шүкір, мемлекет ұлттық киноны қолдап отыр.
Пётр Троценко: – Яғни, «ерекше жол» деп мемлекеттің қолына қарауды айтамыз ба?
Вячеслав Половинко: – Мемлекеттің ақшасына күн көру.
Сергей Әзімов: – Неге олай дейсіздер? Қазақстандық киноның бір жылдық бюджеті 10 миллион доллардай болады. Бұл бір орташа қазақстандық футбол командасының бюджеті. Мемлекет жұмсай алмайтындай үлкен сома емес. Оның үстіне кинотеатрдың репертуары бір-бір жарым жыл бұрын жазылып қойған, қазақстандық киноға орын табылмайтын қиын кезеңде қалай жансақтауға болады?
Вячеслав Половинко: – Неге орын жоқ? «Тараз» фильмі жақсы көрсетілді.
Сергей Әзімов: – Өз бағасын ақтады деп ойламаймын.
Пётр Троценко: – Неліктен? «Келинка Сабина» да жақсы ақтады.
Сергей Әзімов: – Жігіттер, онда кинотеатрларда ашық порно көрсете бастайық. Адамдар біраз уақыт оған да барады. Көрерменді жетер жеріне жеткіздік, енді сөйтіп құртып тынайық. «Тараз», тағы бірдеңе…
Пётр Троценко: – 1990 жылдарды қайтарғыңыз келе ме?
Сергей Әзімов: – Қайтарғым келеді дей алмаймын. Бірақ өмірімнен сызып тастағым да келмейді.