Reuters: Ислам Кәрімов дүние салды
Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
Қыркүйектің 2-сі күні түстен кейін Reuters агенттігі “үш дипломатиялық дерек көзіне” сілтеме жасап, президент Ислам Кәрімовтің дүние салғанын мәлімдеді. Бұған дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қытайдағы ресми сапарын үзіп, Өзбекстанға баратыны” хабарлаған. Кейін Ақорда бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
1989 жылдан бері билігін референдум арқылы, баламасыз, я формалды сайлау жолымен созып келген Каримов Өзбекстанда бас-аяғы 27 жыл (тәуелсіздік кезеңінде 25 жылдан астам) билік құрды. Каримовтің кезінде Өзбекстан жоспарлы экономикадан нарық экономикасына өте баяу түрде өтумен болды, елдегі саяси-қоғамдық оппозициядан жұрнақ та қалмай, тәуелсіз БАҚ-тар түгел жабылды. Өзбекстандағы билік жүйесінің жабықтығы соншалықты президент Каримовтің сырқаттануы мен өлімі туралы өте жұтаң мәлімет берілді.
Әуелі тамыздың 28-і күні Өзбекстан үкіметі бірінші рет президенттің денсаулығы нашарлағанын ресми түрде хабарлап, оның емі “біразға созылатынын” растаған. Тамыздың 29-ы күні Ислам Каримовтің кіші қызы Лола Каримова-Тилляева әкесінің “инсульт алып, реанимацияға түскенін, болашағына қатысты болжам жасау ерте екенін” мәлімдеген. Тамыздың 31-і күні Өзбекстанның ресми БАҚ-тары Каримовтің тәуелсіздік күнімен халықты құттықтау хатын таратқан. Қыркүйектің 1-і күнгі Тәуелсіздік мейрамы қарсаңындағы кейбір іс-шараларға премьер-министр Шавкат Мирзияев қатысқан. Қыркүйектің 2-сі күні таңертең Өзбекстан үкіметі “Каримовтің әл үстінде жатқанын” хабарлаған.
Мирзияевті Каримовтің мұрагері деп санаушылар да бар. “Болашақ мұрагерлер” қатарында Өзбекстанның қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятов пен Лола Каримова-Тилляеваның есімдері де аталады. Он шақты жыл бұрын Каримовтің үлкен қызы Гүлнара әкесінің орнын басады деген қауесет шыққан. Бірақ Гүлнара Каримова соңғы жылдары Батыста және Өзбекстан ішінде жемқорлық дауына ілініп, істі болып, үлкен саясаттан шеттетілген болатын.
1938 жылы Самарқанда туған Ислам Каримов 1960 жылы Орталық Азия Политехникалық институтын “инженер-механик” мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын инженер-конструктор болып бастап, кейін мемлекеттік жоспарлау мекемесінде (Госплан) қызмет сатысымен өскен. Совет кезеңінде Каримов Өзбек ССР-інің қаржы министрі, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қашқадария облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1989 жылы Өзбек ССР-і Орталық комитетінің бірінші хатшысы, 1990 жылы президенті болып сайланған. Каримов әуелі Өзбекстанның СССР құрамында қалуын жақтап шығып, 1991 жылғы “Тамыз бүлігі” кезінде тәуелсіздік талап еткен.
Тәуелсіз академиялық зерттеушілер Каримовтің кезінде Өзбекстанның жоспарлы экономикадан рынок қатынастарына тым баяу өтумен болғанын жазады. Ташкент, әсіресе, қаржылық реттеу саласында жекеменшік секторға көп араласумен болды. Сол себепті пост-советтік Өзбекстан “қара базардан” құтыла алмады, шикізат экспортына тәуелді күйі қалды. Соңғы 20 шақты жыл ішінде жүздеген мың өзбекстандық еңбек мигранты Ресей, Қазақстан мен Батыс елдерінде жұмыс іздеуге мәжбүр болды.
Каримовтің саяси тұрмақ кез-келген қоғамдық-әлеуметтік оппозицияға төзбейтіні 2005 жылғы “Әндіжан оқиғасы” кезінде көрінді. Әндіжандағы демонстранттарға үкімет әскері оқ атып, кем дегенде 200-ге жуық адам өлді. Оның негізгі саяси бәсекелестері мен сыншылары не шетелге қашып бас сауғалады, не түрлі айыптармен түрмеге жабылды.
Жақтастары Ислам Каримовтің діни радикализммен қатаң түрде күрескенін айтады. Кәрімовтің тұсында ортағасырлық Орталық Азия билеушісі Әмір Темір “қазіргі өзбек мемлекетінің негізін қалаушы” ретінде насихатталып, этникалық ұлтшылдық күшейді. Ауғанстанмен шекараласатын геосаяси тұрғыдан маңызды ел басшысы ретінде Каримов Батыспен және Ресеймен қарым-қатынасындағы векторларды жиі өзгертіп отырды. Мысалы, Ресей бастаған ҰҚШҰ-ға Өзбекстан Каримовтің кезінде екі рет кіріп, екі рет шығып кетті. Ташкенттің Вашингтонмен ара-қатынасы да оқтын-оқтын жақсарып, я суып тұрды. 2001 жылғы қыркүйектің 11-інен кейін Ташкент “Ханабад” әуе базасын америкалық әскерге жалға беріп, “Әндіжан оқиғасы” үшін АҚШ өзін сынап шыққан соң 2005 жылы кері қайтарып алды. Тәуелсіздік жылдары Өзбекстан астанасынан бар болғаны қырық шақты шет мемлекет елшілік ашқан, оның жетеуі ғана – Батыстан.Ислам Кәрімовтің артында жесірі Татьяна Кәрімова мен екі қызы, төрт жиені қалды.