Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ресеймен қарым-қатынасымызда ешқандай проблема жоқ": Тоқаев пен Путин қандай келісімге келді

президентФото:Ақорда

12 қарашада Мәскеудегі Кремль сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентіне ерекше қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын білдірді.

"Сапар барысында Ресей тарапының бұл іс-шараға мұқият дайындалғанына, барлық ұсақ-түйегіне дейін ойластырғанына көз жеткіздік. Біздің Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарымыз биылғы жылдың ең маңызды оқиғасы деуге болады. Біз де осы сапарға мұқият дайындалдық, министрліктер мен ведомстволар арасында кеңесулер жүргіздік, өйткені ынтымақтастығымыздың ауқымы шынында да ерекше. Ресей Федерациясымен арада байланыспайтын, ынтымақтастық жасамайтын сала жоқ десем, артық емес. Сіз қазір жасалған жұмыстар мен алдағы міндеттерге жан-жақты талдау жасадыңыз. Бұған қосарым аз, дегенмен стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарымыз жай ғана саяси әдеп немесе сөз тіркесі емес, біздің ынтымақтастығымыздың мәні екенін атап өткім келеді", - деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынаста ешқандай түйткіл жоқ екенін, барлық салада даму қарқыны жақсы екенін атап өтті.

"Біз сауда айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Бұл өте нақты мақсат деп ойлаймын. Жақын уақытта осы межеге жетеміз. Әсіресе атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты атап өткім келеді. Біз “Росатоммен” бірлесіп атом электр станциясын салуға жол ашатын маңызды келісімдерге қол қоюға жақынбыз. Бұл ірі оқиға, серпінді жоба. Мұнда тек станция салу ғана емес, жаңа құзыреттер саласын қалыптастыру туралы да сөз болып отыр. Сонымен қатар, білім беру саласындағы ынтымақтастық басталғанына қуаныштымыз. Ресейдің 9 жоғары оқу орны Қазақстанда филиалдарын ашты, олардың арасында танымал университеттер де бар", -  деді Мемлекет басшысы.

Президент ресейлік білім беру саласының өкілдеріне алғыс білдіріп, Қазақ ұлттық университетінің алғаш рет Омбы университеті базасында өз филиалын ашқанын ерекше атап өтті.

"Мен білім беру ісіне айрықша көңіл бөлемін. Себебі біздің міндетіміз екі ел жастарының достық пен ынтымақтастық эстафетасының жалғасуына жағдай жасау. Олар бірін-бірі жақсы танып, түсінуі керек. Қазіргі тарихи әрі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын жастарға жеткізу аса қажет міндет. Жастарымыз бұл серіктестіксіз тұрақтылық пен дамуды сақтау мүмкін еместігін түсінуі тиіс. Қазақстан Президентінің Ресейге мемлекеттік сапары дәл осы мақсатты көздейді деп санаймын. Бұл тәжірибе жалғасын табады деп үміттенемін. Осыған орай, мен сізді келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан Президентін құттықтап, Мәскеуге үкімет мүшелері мен бизнес өкілдерін қамтыған үлкен делегация келгенін атап өтті.

"Біздің Қазақстанмен қарым-қатынасымыз тұрақты түрде дамып келеді. Тәжірибе мен өмірдің өзі біздің негізгі құжаттарымызда жазылған қағидаларды растап отыр. Қазақстан мен Ресей – ең жақын серіктестер, достар әрі сенімді одақтастар. Бұны нақты істер дәлелдейді. Ресей – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі, инвестиция көлемі бойынша бірінші орында. Өткен жылы өзара сауда айналымы 27 миллиард доллардан асты. Биылғы жылдың тоғыз айында 20 миллиардқа жетті", - деді Путин.
Ол Ресей компанияларының көпшілігі Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатқанын, ал қазақстандық бизнес те Ресей нарығында белсенді дамып келе жатқанын айтты.

"Біз халықаралық аренада да белсенді жұмыс істейміз. Аймақтық ұйымдарымыздың қатысушысымыз. Жақында біз Бішкекте ҰҚШҰ саммитінде, одан кейін Санкт-Петербургте ТМД және ЕАЭО басшыларының дәстүрлі жыл соңындағы кездесуінде бас қосамыз. Күн тәртібіміз тығыз әрі жемісті. Бүгінгі сапар қорытындысы бойынша дайындалған меморандум екіжақты қатынастарды жаңа, жоғары мемленкетаралық деңгейге көтереді деп сенемін. Бұл бізді қуантады. Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға барынша мүдделіміз", - деді Ресей Президенті.

Сондай-ақ Тоқаев Ресейді Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі деп атады.

“Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларды құрады. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге тоғыз миллиардқа жуық инвестиция құйды. Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді. Осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқтамай, үнемі алға ұмтылып, сауда және инвестиция көлемін ұлғайта беруге тиіспіз деп санаймын

2024 жылдың қортындысы бойынша тауар айналымы шамамен 28 миллиард долларды, ал биылғы 8 айда 17 миллиард доллардан асты. Міндет – екіжақты сауда көлемін 30 миллиард долларға дейін жеткізу.

Ресейден Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвестиция көлемі 27 миллиард доллардан асты.

2024 жылы Ресейдің салған капитал көлемі рекордтық 4 миллиард долларға дейін өсіп, еліміздің ірі инвесторына айналды.

Казахстанцы Ресейге құйған инвестициясы да артып, 15 жылда шамамен 9 миллиард долларға жетті.

Қазақстанда ресейліктердің қатысуымен 20 мыңнан аса компания жұмыс істейді Бұл – елімізде қызмет ететін шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жартысына жуығы.

175 бірлескен жоба жүзеге асырылуда.

Тараптар іскерлік байланыстардың жоғары деңгейін одан әрі қолдауға және бизнес жүргізуге қажетті жағдай жасауға уағдаласты.

Осы мақсатта Экономикалық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданды

", - деді Қазақстан президенті. 

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 19:14
Талқылау