Ресейлік компания Солтүстік Қазақстан облысында 37 млрд теңгеге кондитерлік зауыт салады
Фото: freepik.com
Солтүстік Қазақстан облысында ресейлік Bakerton компаниясының кондитерлік өнімдер шығаратын зауыты салынып жатыр. Облыс әкімі жобаның жалпы инвестициясы 37 млрд теңгені құрайтынын айтты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Qyzyljar арнайы экономикалық аймағында 17 жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты. Жобалардың жалпы құны 280,2 млрд теңге. Олардың ішінде ресейлік компаниялар да бар. Солардың бірі Bakerton компаниясының кондитерлік өнімдер шығаратын зауыты.
Зауытқа салынатын инвестиция көлемі 37,3 млрд теңге. Жоба жылына 15 мың тонна дайын өнім шығаруды көздейді. 380 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Зауыт 2026 жылға дейін іске қосылады.
Айта кетейік, Bakerton компаниясы донаттар (салмасы бар бәліштерге ұқсас тәттілер) өндірісіне маманданған. Ол Ресейдегі жетекші кондитерлік өнім өндірушілердің бірі "Хлебпром" компаниялар тобына кіреді. Компанияның өндірістері Ногинск, Волоколамск, Ярцево, Челябі қалаларында орналасқан.
Qyzyljar АЭА-да тағы бір ресейлік кәсіпорын "Уралкран" компаниясының крандар мен жүк көтеру жабдықтарын өндіретін зауыты бар. Оның инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрайды. Жобаның жоспары бойынша жылына 100 бірлік техника шығарылады. "Уралкран" Ресейде көтеру-қозғалыс жабдықтарын шығаратын ең ірі компаниялар тобының бірі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда шетелдік және отандық инвесторлар 2,5 трлн теңгеге сегіз зауыт салатыны хабарланған еді.
Астанада тіс емдеу кезінде көз жұмған 3 жасар қыздың өлімі: Сотта жаңа күмәндер мен сараптамалық қайшылықтар туындады