Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ресейге оралсам, президенттікке үміткер ретінде сайлауға қатысамын": Алексей Навальныйдың жары алдағы жоспарларын бөлісті

Алексей Навальныйдың жары алдағы уақытта Ресейге оралу жоспары барын айтты. Ол жолдасынан айырылғаннан кейінгі күйін, отанына оралған соң президенттікке үміткер болатынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: kommersant.ru

22 қазанда Алексей Навальныйдың "Патриот" кітабы 26 тілде жарық көреді. Бұл саясаткердің өмірбаяны мен оның 2021 жылдың қаңтарында Шереметьево әуежайында қамауға алынғаннан кейінгі өмірін қамтиды. Навальный күнделігін 2024 жылдың 16 ақпанында Харп ауылындағы полярлық колонияда қайтыс болғанға дейін жазған.  Ресейлік саясаткердің жары Юлия Навальная кітап жарық көрер қарсаңында ауқымды сұхбат берді.



“Мені қолдайтын адамдар көп. Мен де оларға қолдау білдіргім келеді. Алексейдің көптеген жақтастары Ресейден кетуге мәжбүр болды. Дегенмен олардың соңында миллиондаған адам қалды. Олар қысым мен репрессия жағдайында өмір сүріп жатыр. Олармен үнемі байланыстамын. Менің ендігі басты мақсатым – ел ішінде көптеген өзгерістерді жасау. Егер мен Ресейге оралсам, президенттікке кандидат ретінде сайлауға түсемін”, – деді Навальная.

Оның сөзінше, Владимир Путин билікте отырған кезде Мәскеуге оралу "өкінішке қарай мүмкін емес".

“Ресейге барсам, мені тұтқынға алуы мүмкін. Сол себепті күйеуімнің жерлеуіне де қатыса алмадым. Қазір Ресейде маған қатысты экстремистік ұйымға қатысы бар деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Билік осы арқылы марқұм жолдасым құрған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қорды меңзеп отыр. Әрине мен "сиқыршы емеспін". Ресейде қалай бірден өзгеріс енгізуге болатынын білмеймін. Дегенмен үлкен өзгеріс жасай алмасам да, күн сайын кішігірім істермен айналысып, өзгеріске бір қадам жақындағым келеді. Оған неғұрлым көп адам ұмтылса, соғұрлым уақыты тез келеді", – дейді ол.

Фото: BBC

Сондай-ақ Навальная ресейлік оппозиция қиын жағдайда екенін айтты. 

“Мен үшін күйеуімді қолдаған, мені қолдап жүрген адамдармен бірге болу өте маңызды. Ресей оппозициясы қиын жағдайда. Көбі айдауда, күйзелісте, тіпті биліктен көңілі қалды... Дегенмен әйтеуір бір күні ерте ме, кеш пе, бәрі өзгеруі керек деп ойлаймын. Қазір біздің ортақ жауымыз бар. Ол – Владимир Путин”, – деді ол.

Навальная жолдасының қазасынан кейін өзі, өмірі қалай өзгергенін жеткізді. Ол Алексей Навальныйдың балалық шағы мен қалай саясаткер болғанын бүкіл әлем білгенін қалайтынын айтты.

“Оның ұмытылғанын қаламаймын. Бүкіл әлем оның өмірбаянын, балалық шағы мен қалай саясаткер болғанын, ресейлік саяси оппозицияның көшбасшысы дәрежесіне қалай жеткенін білуі керек. Оның өзгеріске ұмтылғаны, дауысы қайтыс болғаннан кейін де қатты естілгенін қалаймын”, – деді Навальная. 

Навальная Путиннің түрмеге қамалғанын қалайтынын айтты. Ол халықаралық қауымдастықты Путиннен қорықпауға шақырды.

“Олар Путинге қарсы әрекет етуден қорқады. Ол жауап ретінде одан да жаман нәрсе жасай ма деген қорқынышы бар. Ал олар қорыққан сайын, Путин одан әрі білгенін істей береді. Мен оның түрмеде отырғанын көргім келеді. Оның Гааганың бір жерінде, таза камерада, компьютері мен жақсы тамағы бар жерде отырғанын қаламаймын. Оның Ресей түрмесінде отырғанын қалаймын. Ол Алексейдің көргенін көрсін демеймін. Жай ғана оның халықты қандай деңгейге жеткізгенін өз көзімен көріп, түсінгенін қалаймын”, – деді ол.  

Сөз соңында Юлия Навальная, әйтеуір бір күні Ресейде бұл режим жойылып, елінің еркін, демократиялық, қалыпты және сөзсіз бақытты елге айналатынын жеткізді. 

Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылдың 16 ақпанында Алексей Навальный түзету мекемесінде көз жұмған еді. 

Талқылау