Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейдің үш қаласында қазақ тілінде оқытатын мектептер ашылады

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астрахань, Омбы және Орынбор қалаларында этникалық қазақтар тұратын жерлерде қазақ тілінде оқытатын қазақ-орыс мектептері ашылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

"Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мәдениетінің ошақтарын құруға қатысты мәселелерді қозғаған. Осы тұрғыда бүгін Қазақстанда орыс тілінде білім беру қызметтерін ұсынатын үш бірлескен мектеп құру талқыланды. Қазақстандық әріптестеріміз Ресейдің кейбір қалаларында: Орынбор, Омбы және Астраханьда қазақ тілінде оқытатын осындай бірлескен мектептерге қызығушылық танытты", – деп атап өтті Лавров Астанада өткен брифингте.

Ресейде қазірдің өзінде қазақ тілін оқыту жүзеге асырылып жатыр. Бұл этникалық қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарда жүргізіледі. 2021 жылғы санақ нәтижелері бойынша Ресейде 591 мыңнан астам қазақ тұрады. Олардың көбі Астрахань, Орынбор, Омбы және Саратов облыстарында шоғырланған.

Айта кетейік, қазір қазақ тілі Алтай мен Омбы облысының мектептерінде оқытылады. Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік тілі Омбы облысының 11 мектебінде міндетті пән ретінде саналады.



Еске салайық, былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның оңтүстігінде қазақ-орыс мектептерін ашу бойынша келіссөздер жүріп жатқанын айтты. Бұл ретте мемлекет басшысы Ресеймен шекаралас аудандарда да осындай мектептер ашуға мүдделі екенін жеткізді. 

Талқылау