Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейден жеткізілген жолбарыстар әлі төлдемеді, алайда Экология министрлігі бар күшін салатынын айтты

Фото: yandex.com

Экология және табиғи ресурстар министрі елде Тұран жолбарысын қалпына келтіру бағдарламасы жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, жеткізілген жолбарыстар жұбынан төл алу әрекеті сәтсіз аяқталғанына қарамастан, жұмыс тоқтаған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрдің айтуынша, Ресейден жеткізілген жолбарыстар өзін жақсы сезінеді және вольерде ұстау жағдайына бейімделген. Өткен жылы 23 желтоқсанда жануарлар шағылысқанымен, ол нәтиже бермеген.

“Алайда жақында, жыл басында бұл процесс қайта тіркелді. Осы жолы біз бұл жұптан төл аламыз деп үміттенеміз”, – деді Нысанбаев.

Министрдің сөзінше, Қазақстан реинтродукция бағдарламасы аясында жолбарыстар санын көбейтуді жоспарлап отыр. Сәуір–мамыр айларында елге Ресейден тағы төрт жолбарыс әкелінеді.

“Оларды мүмкін сәуірдің соңы мен мамырдың басында жеткіземіз. Осылайша алты жолбарыспен Тұран жолбарысының популяциясын қайта қалпына келтіру жұмысына кірісеміз”, – деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға шетелден әкелінген жолбарыстардың видеосы тараған еді.   Кейін Экология министрлігі тұран жолбарысын көбейту үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы сұраған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 11 Наурыз, 2026 15:42