Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам инвестиция жасауға үгіттеп азаматтарды 80 миллион теңгеге алдып соққан

Фото: Видеодан скрин

Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында сериялық алаяқтық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматы Ресейден экстрадицияланды. Тергеу мәліметінше, ол Instagram арқылы жалған инвестиция ұсынып, 75 азаматқа шамамен 80 млн теңге шығын келтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас прокуратура бірнеше рет алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын қылмыстық жауапқа тарту үшін Ресей Федерациясынан экстрадициялады. Күдікті 2023-2024 жылдары ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында ақпараттық жүйе пайдаланушыларын алдау және олардың сенімін теріс пайдалану арқылы ірі мөлшерде алаяқтық жасауға бірнеше рет жәрдемдескен.

Атап айтқанда, күдікті мен оның сыбайластары "Instagram" әлеуметтік желісін пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіріп, салынған инвестиция сомасынан бірнеше есе көп табыс алуға уәде беріп, өз компаниялары арқылы ақша қаражатын инвестициялауға үгіттеген.

"Ақша қаражаттарын алғаннан кейін, оларды қылмыстық топ қатысушыларының арасында бөліп, өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Алаяқтардың қылмыстық әрекеттері салдарынан Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі 75 азаматқа жалпы сомасы шамамен 80 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Қылмыс жасалғаннан кейін 4 сыбайлас әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған, ал соңғысы қылмыстық қудалау органдарынан бой таласап, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған", – делінген хабарламада.

2025 жылғы наурызда ол Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза көзделген.



Еске салайық, бұған дейін Жоғарғы сот шешен белсендісі Мансұр Мовлаевты Ресейге экстрадициялауды тоқтатты. Мансұр Мовлаев Шешенстан билігін сынап жүрген оппозициялық белсенді. Ол Ресейде өзіне тағылған айыптарды саяси астары бар деп есептейді. Бұған дейін екі жылға жуық қамауда болған, кейін босап шыққан соң қайта қудалауға ұшырап, елден кетуге мәжбүр болған. Қырғызстанда да жауапкершілікке тартылып, кейін Қазақстанға келген. 2025 жылы Алматыда ұсталып, сол жылы бірнеше рет Қазақстаннан саяси баспана сұраған.

STAN.KZ
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 09:42