Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейде жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады: Бортта 49 адам болған (видео)

Ресейде жолаушылар ұшақ құладыФото: Mash Telegram-арнасы

Ресейдің Амур облысында 49 адам отырған жолаушылар ұшағы құлады. Қазір ұшақтың сынықтары табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Mash Telegram-арнасы Ресейде жолаушылар ұшағы байланысқа шықпай қалғанын алғашқылардың бірі болып хабарлады.

"Амур облысында рейс кезінде жоғалып кеткен Ан-24 ұшағында 49 адам болған. Олардың ішінде 38 ересек жолаушы, 5 бала және 6 экипаж мүшесі бар", – деп жазды басылым.

Кейін бұл ақпаратты Ресей азаматтық авиация агенттігінің (Росавиация) ресми өкілі Артём Кореняко растады.

"Амур облысында Росавиация Ресейдің ТЖМ және басқа да қызметтермен бірлесіп “Ангара” әуе компаниясына тиесілі Ан-24 ұшағын іздестіріп жатыр. Ұшақ Благовещенсктен Тында қаласына бет алған", – деді ол.

Көп ұзамай Ресей ТЖМ жанған ұшақтың фюзеляжы табылғанын хабарлап, құтқарушылардың оқиға орнына бара жатқанын хабарлады.



РИА Новости мәліметінше, Ан-24 ұшағы Тында қаласынан 15 шақырым жерде, тау етегіндегі қиын жерде табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, тірі қалғандар жоқ. Амур облысының губернаторы ұшақ бортында 43 жолаушы (оның ішінде 5 бала) және 6 экипаж мүшесі болғанын растады.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, апаттың алдын ала себебі – ұшқыштардың нашар көрінетін жағдайда қону кезінде жіберген қатесі. 

Тында маңында апатқа ұшыраған Ан-24 ұшағының командирі – Вячеслав Логвинов. Ол "Ангара" әуе компаниясына жұмысқа орналасқанға дейін Ақтөбедегі Т. Ж.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтын бітірген. Иркутск қаласында тұрған.

Ан-24 ұшағының бортсерігі Анастасия Бессмертная болған. Ол бұл мамандықпен 2007 жылдан бері жұмыс істеген. Жұмыс барысында бортмеханик күйеуімен танысып, отбасын құрған. Ерлі-зайыптылардың екі қызы бар.

Ан-24 ұшағының жолаушыларының бірі – 55 жастағы Елена Великанова немересіне бару үшін сапарға шыққан. Ол Хабаровск қаласынан 8 жасар немересін жазғы демалысқа алып кету үшін келе жатқан.

Елена соңғы рет сағат 10:04-те байланысқа шыққан. SMS-хабарламада ол: "Ұшақтамын, қарсы алыңыздар" деп жазған. Балаларының айтуынша, әжесі мен немересі кейін пойызбен Горный ауылына, яғни әжесінің үйіне баруға тиіс болған. Билеттерді отбасы бір апта бұрын сатып алған. Қазір ата-анасы қызына әжесінің қаза тапқанын айтуға батпай отыр.

Қазір Тында әуежайында 40-тан астам адам Ан-24 ұшағы жолаушылары туралы ақпаратты күтіп отыр. Жақындарына көмек көрсету үшін Кувыкта кентінде арнайы қабылдау пункті (ПВР) ұйымдастырылып жатыр.

STAN.KZ
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 13:52
Талқылау