Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейде адыраспанмен ұсталған қазақстандық ер адам 8 ай қамауда отыр: Жақындары араша түсуді сұрайды

Қазақстандық ер адам Ресейге жұмыс істеуге барып, көлігінен адыраспан табылғаны үшін қамауда отыр. Енді ол 10-20 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін. Ер адамның әпкесі жағдай туралы айтып, көмек сұрайды.

Видеодан скриншот

Жайна Амангелді желіде інісінің Ресейдегі тергеу изоляторында жатқанын айтып, көмек сұрайды. Сөзінше, інісі Ресейдің Ташанта ауылына жұмыспен бара жатқан. Бірақ шекара бекетінде көлігінен адыраспан табылып, бірден ұстаған.

“Бауырымның адыраспанмен ұсталғанына 8 ай болды, Ресейдің жіберетін түрі жоқ. Біз мұның қылмыс болып саналатынын білмедік. Қазақстаннан өтіп бара жатқанда не себепті шекарашылар ескертпейді?”, – деді Жайна Амангелді.


Ресейде тыйым салынған адыраспанды шекарадан алып өткен қазақстандықтар қамауға алынады


Айтуынша, Ресейдің тергеу изоляторында ер адамға қауіпті адам ретінде қарап, оны көруге рұқсат бермей жатыр екен. Ол мұның саяси астары бар ма деп те қорқады.

“Қазақстан мен Моңғолияда адыраспан еркін сатылымда. Біз үшін бұл – емдік шөп. Ташантада ағасы адыраспанды сұратқан екен. Яғни “қайнатып ішсе, асқазанға жақсы” деп өтінген соң ем болсын деп алып бара жатқан. Бірақ бұл заңның астарында Ресейдің бір мақсаты бар сияқты көрінеді. Кейін соттап, соғысқа жібере ме деп қорқамыз”, – деді әйел.

Жайна інісі үшін Ресейден адвокат жалдаған. Алайда өте қомақты қаржы керек дейді. Сол үшін өз парақшасында ақша жинап жатыр.

Сондай-ақ ол мәселені бас прокуратураға, сыртқы істер министрлігіне айтып бергенін айтады. 

Stan.kz тілшісі сыртқы істер министрлігінен жағдайға қатысты пікір сұрады. Өкіл Ресейде адыраспанға тыйым салынғанын және бұл расымен сол елде қылмыс болып саналатынын жеткізді. 

“Сыртқы істер министрлігі шетелге шығуды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарын жауапты болуға және баратын елдің заңына бағынуға шақырады. Тыйым салынған заттар тізбесіне енуі мүмкін өсімдіктерді немесе дәрілік заттарды шет мемлекеттердің аумағына тасымалдау кезінде ерекше мұқият болу қажет”, – делінген хабарламада.

Ресейлік заң қорғаушылардың айтуынша, адыраспанның құрамында гармин атты галлюциногенді зат бар. Ол көршілес елде есірткі болып есептеледі. 

Адыраспанды алып шекарадан өткендер Ресейде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал адыраспанды аса ірі мөлшерде тасымалдау кезінде ұсталса, 1 миллион рубль, яғни 5 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалап, 8 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Еске салсақ, 1 маусымда Бас прокуратура Ресейге баруды жоспарлаған қазақстандықтарға ескерту жасап, адыраспанды апаруға болмайтынын айтқан еді. 

@jaina201320162020

Неге біздің президент ауызын жауып отыр. Барлық жәйтті біліп отыр қауіпті қылмыскер емес екені айдан анық. Ескерту жасап еліміздің азаматтарына неге көмектеспейді.

♬ оригинальный звук - Райымбек Нысанбек
Талқылау