Ресей Киевке соққы жасады: Зардап шеккендер мен қаза болғандар бар
Фото: Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі
Бүгін түнде Ресей Киевке соққы жасады. Украина бойынша әуе дабылы жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Украинская правда” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Зымыран қалдықтары мен соққыдан азаматтық инфрақұрылым нысандары, тұрғын үйлер, автокөліктер және метро жолдары зақымданды. Төрт адам қаза тауып, 20 адам жарақат алды.
Киев қалалық әскери әкімшілігінің мәліметінше, сағат 05:00-дегі жағдайға сәйкес, ауқымды шабуыл нәтижесінде Киевтің кемінде алты ауданы зақымдалған.
Соломен ауданында 500 шаршы метр аумақтағы металл ангар өртенді. 16 қабатты тұрғын үйдің 11-қабатынан да өрт шықты. Шұғыл шаралар барысында үш адам құтқарылып, өрт толықтай сөндірілді.
Дарница ауданында атып түсірілген нысандардың қалдықтары кемінде үш жерде құлағаны анықталды. Екі автокөлікке зақым келген.
Голосеево ауданында азаматтық инфрақұрылым нысанында өрт шықты. Бір білім беру мекемесі зақымданған. Зымыран қалдықтары жанармай құю бекетінің маңына құлап, бір автокөлікті бүлдірген. Ал Деснян ауданында ашық аумақта атып түсірілген ұшқышсыз ұшу аппаратының қалдықтары табылды.
Кейін Киев мэрі Виталий Кличко соққы салдарынан төрт адам қаза тауып, 20 адам зардап шеккенін айтты. Сондай-ақ оның айтуынша, бірнеше жерде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.