Ресей әскерінің құрамында соғысқан Солтүстік Корея әскерінің генералы жараланды – БАҚ
Курск облысында Украинаға қарсы Ресей әскерлерінің құрамында соғысқан Солтүстік Корея әскерінің генералы жараланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “The Wall Street Journal” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Болған оқиға туралы толық ақпарат әлі жоқ. Алайда Батыс шенеуніктері алғаш рет Солтүстік Кореяның жоғары дәрежелі әскери қызметкері Ресей аумағында Украинаға қарсы іс-қимылдарға қатысып, жарақат алғанын растады.
Ал бір күн бұрын Курск облысындағы Солтүстік Корея әскери күштерін генерал Ким Али Бок басқарғанын хабарлады. Генералға КХДР әскерлерін Ресей армиясына біріктіру және соғыстың заманауи әдістерін зерттеу тапсырылды.
“Ким Али Бок бұған дейін КХДР арнайы күштерін басқарған және ұзақ уақыт жасырын қызметкер боп жүрген. Оның міндеті 2024 жылдың маусымында стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылған кезде Ресей мен Солтүстік Кореяның жақындасуы аясында жария болды. Содан бері генерал КХДР жетекшісі Ким Чен Ынмен бірге ресми іс-шараларға үнемі қатысып келеді”, – деді басылым.