Резервтер босатылғанына қарамастан мұнай бағасы қайтадан барреліне 100 доллардан асты

Әлемде мұнай бағасы өсуін жалғастырып жатыр. Еуроодақ елдері Иранмен соғыстың салдарын жеңілдету үшін өздерінің төтенше қорларынан рекордтық көлемде мұнай босату туралы келісімге келгеніне қарамастан әлемде мұнай бағасы өсуін жалғастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы шамамен 12,3% өсіп, бір баррель үшін 101,59 долларға дейін көтерілді. Сонымен қатар Халықаралық энергетикалық агенттікке мүше 32 елдің барлығы мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаушылыққа жауап ретінде 400 миллион баррель мұнай босатуға дайын екенін мәлімдеді. Осыдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп та Америка Құрама Штаттары стратегиялық мұнай қорын ашып, нарыққа 172 миллион баррель мұнай шығаратынын хабарлады.
“Мен бұл резервті бұрын да толтырғанмын, тағы да толтырамын. Бірақ қазір оны аздап қысқартамыз, бұл бағалардың төмендеуіне әсер етеді”, – деді Трамп.
Sanford C. Bernstein & Co компаниясының зерттеу директоры Нил Беверидж мұнай бағасын бұрынғы деңгейіне қайта түсіре алатын жалғыз фактор – Ормуз бұғазының толық ашылуы деп санайды. Оның айтуынша, стратегиялық қорлардан босатылып жатқан көлем бұғаздың жабылуына байланысты әлем күн сайын жоғалтып отырған 20 миллион баррельмен салыстырғанда өте аз.
11 наурызда Иран Ормуз бұғазында кемелерге жасалатын шабуылдардың күшеюіне байланысты мұнай бағасы 200 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін ескерткен еді. Бұл бұғаз – энергетикалық ресурстарды тасымалдаудағы негізгі теңіз жолдарының бірі.
Ислам революциясы сақшылары корпусының өкілі АҚШ, Израиль немесе олардың одақтастарына қатысы бар кез келген кеме шабуыл нысанасына айналатынын айтты.
“Сіздер мұнай бағасын қолдан төмендете алмайсыздар. Бір баррель мұнайдың бағасы 200 долларға жетеді деп күтіңіздер. Мұнай бағасы аймақтағы қауіпсіздікке байланысты, ал тұрақсыздықтың басты көзі – өздеріңіз”, – деді КСИР өкілі.
Халықаралық энергетикалық агенттікке мүше елдердің үлесіне әлемдік энергия өндірісі мен тұтынуының шамамен үштен екісі тиесілі. Босатылатын резерв көлемі 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталған кезде белгіленген бұрынғы рекордтан екі есе көп.
Иранның "ядролық қаупі" жойылғаннан кейін мұнай бағасы төмендейді – Трамп
Трамптың мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы түсе бастады
28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға әуе соққылары басталғаннан бері әлемдік мұнай нарығы өте құбылмалы күйде. Апта басында Brent мұнайының бағасы барреліне шамамен 120 долларға дейін көтерілді. Бұл әлем бойынша жанармай бағасының өсуіне әкеледі.
Әсіресе Таяу Шығыс энергия ресурстарына тәуелді Азия елдері қатты зардап шекті. Осы аптада Филиппин, Таиланд және Вьетнамдағы жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болды. Таиланд билігі энергияны үнемдеу үшін көптеген мемлекеттік мекеме қызметкерін қашықтан жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ шенеуніктерге аса маңызды емес шетелдік сапарлардан бас тарту ұсынылды. Филиппинде энергия тұтынуды азайту мақсатында үкімет үшін төрт күндік жұмыс аптасы енгізілді.
Ал Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізде жанармай бағасы әлемдегі жағдайға қарамастан тұрақты екенін мәлімдеді, яғни әзірге баға өседі деп күтілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қатар билігі Таяу Шығыстағы соғыс мұнай бағасы барреліне 150 долларға дейін өсуіне әкелетінін ескерткені хабарланған еді.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған