Референдумның соңғы нәтижесі жарияланды: Жаңа Конституцияға қазақстандықтардың 87,15%-ы дауыс берді

Фото: Stan.kz
Орталық референдум комиссиясының деректері бойынша референдумның соңғы нәтижесін жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанның жаңа Конституциясын қолдап, дауыс бергендер саны 87,15% болды.
Дауыс беруге қатысқандардың көрсеткіші – 73,12%.
12 482 613 қазақстандықтың ішінде 9 127 192 адам дауысқа қатысты:
-
“Қолдаймын” деп 7 954 667 адам дауыс берді,
-
“Қарсымын” деп 898 099 адам дауыс берді.
Жарамсыз бюллетеньдер саны – 146 558, жарамды, бірақ есепке алынбағандар – 127 868. Өйткені барлық жауап нұсқалары белгіленген.
“Дауыс беруге референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі немесе 73,12 пайызы қатысқандықтан, “Сіз жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?” деген сұрақ бойынша референдум өтті деп есептелсін. Республикалық референдумға дауыс беру үшiн шығарылған жаңа Конституция қабылданды деп есептелсiн, өйткенi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екiсiнде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы немесе 87,15 пайызы оң шешiм қабылдады”, – деп мәлімдеді Орталық референдум комиссиясы.
15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтті. Мемлекет басшысы да Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ бүгін Конституция жобасын мақұлдау бойынша республикалық референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды.
Exit poll нәтижесін сауалнама бойынша Еуразиялық интеграция институты ұсынды.
“2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда Еуразиялық интеграция институты Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Exit poll – референдум учаскілерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама жүргізді. Сауалнама 200 референдум учаскісін қамтыды, оның ішінде 129 – қалаларда, 71 – ауылдық жерлерде орналасқан. Сауалнамаға барлығы 30 мың респондент қатысты, оларға арнайы даярланған интервьюерлер face-to-face әдісімен сұхбат жүргізді. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды”, – делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды.
“Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын”, – деді мемлекет басшысы.
Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев