"Red Bull Jukebox 2025": Алматыда көрермендер режиссёрлік жасаған концерт өтті
Қазақстан халқының бірлігі күні, Алматы Аренада Sadraddin шығармашылығын бағалайтын және елдегі алғашқы интерактивті музыкалық шоудың бір бөлігі болуға дайын 7 000 көрермен жиналды. Red Bull Jukebox — жай ғана концерт емес, бұл — жанрдан бастап сахналық образға дейінгі барлық шешімдерді көрермен қабылдайтын эксперимент болды.
Кештің басты жұлдызы — Sadraddin. Бірақ бұл жолы ол сахнада өз қалауымен емес, залдың таңдауымен өнер көрсетті. Әр көрерменге жарық білезік берілді: Ол дауыс берген нұсқаға байланысты қызыл не көк түске боялды. Бірнеше секунд ішінде бүкіл арена жарқырап, нақты нәтижені көрсететін үлкен экран іске қосылды. Жасанды интеллектпен жабдықталған камералар сол сәтте-ақ сигналдарды тіркеп, дауыстарды есептеп отырды. Білезік шоу басқаруға арналған қарапайым, бірақ дәл құралға айналды.
Көрермендер жанрды (рок немесе электронды би музыкасы), көңіл-күйді (RnB немесе funk), орындау форматын (гитара немесе би), ырғақты (Bossa Nova немесе латино) таңдап отырды. Бұл шешімдердің барлығы залдағы жедел дауыс беру арқылы қабылданды. Кейбір таңдаулар алдын ала — Red Bull сайтындағы онлайн дауыс беру арқылы өтті. Мысалы, әртіспен бірге сахнаға кім шығатыны туралы сауалнамада 56% көрермен скрипкашылар ансамблін таңдады. Ал хор 44% дауыс жинады. Кавер мен жаңа трек арасындағы таңдауда — 84% көрермен жаңа әнді таңдады.
Кештің ерекше сәттерінің бірі — #redbulljukeboxchallenge байқауының жеңімпазы Еркебұланның сахнаға шығуы болды. Ол — бағдарламашы мамандығында оқып жүрген жігіт. Әкесі — домбырашы, анасы — пианист. Балалық шағында музыкалық мектепке кларнет класына түсіп, бұл аспапты алғашында "Спанч Бобтағы" Сквидвардпен байланыстырған. Мектептен кейін музыкадан уақытша алыстап, бірнеше жылдан соң қайта оралған. Қалаған каверін жасау арманы үнемі кейінге қалып жүрді. Red Bull Jukebox туралы жазбаны көрген соң, өзіне мүмкіндік беріп көруге бел буды. Кеш барысында Sadraddin “Айға қарап” әнін бастағанда, Еркебұлан сахнаға көтеріліп, дәл уақытында кларнетімен қосылды. Бұл сәтте сахна, музыка, жастық және зал энергиясы бір арнада тоғысты.
"Бүгін мен үшін бұл — сахнада ғана емес, ішкі жағымнан да бір эксперимент болды. Көп нәрсені бақылауды ұнатамын. Бірақ бұл жолы көрерменге сендім. Сол сенім сезілді", — деді Sadraddin концерт соңына таяғанда.
Кеш барысында Sadraddin балалық шағынан бері құрмет тұтатын МузАРТ тобымен бірге “Esine al” әнін орындады. Бұл әртістің жеке таңдауы болды — "әртіс таңдауы" санаты дауыс беруге салынған жоқ.
Кештің кульминациясы — финалдық онлайн дауыс беру болды. Алдымен бес трек ұсынылып, олардың ішінен “TAXI”, “Uige” және “Jauap bar ma?” финалға өтті. Соңғы әнді көрермендер экрандағы мәтін арқылы бірге орындады — кәдімгі караоке сияқты.
Red Bull Jukebox 2025 Қазақстандағы алғашқы осындай форматтағы шоуға айналды және көрерменнің тек бақылаушы емес, шығармашылық процестің авторы бола алатынын дәлелдеді. Таңдау сенің қолыңда болғанда — сен де шоудың бір бөлігіне айналасың. Бұған дейін Red Bull Jukebox Токио, Нэшвилл және Будапешт қалаларында өткен болатын. Енді бұл тізімге Алматы да қосылды.
Редакциямыз Stan.kz Red Bull-мен бірлесе отырып, осы концертке билет ұтысын ойнатқан еді. Нәтижесінде 6 оқырманымыз тегін билетпен шоуды көру мүмкіндігіне ие болды.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
