Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Реанимацияға басып кіріп, балағаттады: Көкшетауда науқастың ата-анасы дәрігерлерге шабуыл жасады (видео)

Ақмола облысында ауруханаға жеткізілген 3 жастағы баланың ата-анасы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасады. Оқыс жағдай сенбі күні медицина мекемесінің жансақтау бөлімінде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nayza Kokshe парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

18 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында 3 жастағы бала қансырап жатқан күйде ауруханаға жеткізілді. Ата-анасының айтуынша, үйде баланың үстіне аласа шкаф құлап кеткен. Жағдайдың қалай болғаны белгісіз, бірақ баланың үш саусағы жаншылып, терінің жыртылған жерінен тырнағы салбырап қалған. 

“Ата-анасының айтуынша, баланың үш саусағы шкафтың астында қалып қойған. Саусақ үгіліп, терісі алынып қалған. Кесілген саусақтарды қалпына келтіру техникалық тұрғыдан мүмкін емес еді. Гангренаның алдын алу үшін жаншылып қалған үш саусақтың ұшын ампутациялау керек болды”, – дейді травматолог дәрігер Мейрам Дүйсекеев.

Дәрігерлер баланың ата-анасына ампутация жасалатыны туралы ескерткен. Алайда олар мұны қабылдаудан бас тартқан. Анасы дәрігермен сөз таластырып, соңында пернетақтасын лақтырып, қағаздарын шашып кеткен.



Балаға шұғыл ота жасау үшін анестезиолог Еламан Тәженов шақырылған. Отаға бара жатқан анестезиологты баланың әке-шешесі ұстап алып, балағаттап, қорлай бастаған. Таженовтың айтуынша, баланың ата-анасынан ота кезінде наркоз қолдануға рұқсат алған. Ота аяқталған соң анестезиолог Еламан Тәженов ерлі-зайыптыны шақырып алып, оларға наркоздан кейін балаға қандай күтім жасау керегін түсіндіруге тырысқан. Алайда ерлі-зайыпты дәрігердің сөздерін құлағына да ілмеген.

“Олар екі рет жансақтау бөліміне басып кірді. Оларды көрген бала, әрине жылады. Ерлі-зайыпты аурухананы басына көтеріп, айғайлап, жансақтау бөлімінің есігін сындырды, мейіргерлерді итерген. Әйел маған шабуыл жасап, кеудемнен ұрды”, – дейді Еламан Тәженов.

Ауруханада шу шығарған ерлі-зайыптыны инспектор да сабасына түсіре алмаған. Кейін медицина қызметкерлері полиция шақыруға мәжбүр болды. 

Дәрігерлер баланы палатаға ауыстырып, ерлі-зайыптының үстінен шағым түсірген.

Талқылау