"Реал Мадрид" футбол клубы УЕФА – Чемпиондар лигасы тарихында 300 жеңіске жеткен алғашқы команда
Әлемнің ең үздік футбол командасы – мадридтік “Реал” Чемпиондар лигасында 300-жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Getty Images / Robbie Jay Barratt
Ақпанның 12-жұлдызында корольдік клуб ағылшын “Манчестер Сити” командасына қарсы ойнады. Бұл матч Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне іріктеу аясында өтті.
“Этихад” стадионында қос команда жеңіске жету үшін барын салды. Еуропаның ең беделді турнирінде манчестерліктер испандықтармен кейінгі 6 жылда 5 рет жолықты. Бұған дейін командалар 14 рет кездескен еді. Мадридтік клуб соның төртеуін жеңіспен аяқтаса, бес ойында тең түскен. Қалған бес ойында “Манчестер” жеңіс тойын тойлаған.
Ойынды қос команда сақ бастады. Алаң иелері алғашқы таймда Иошко Гвардиолдың керемет пасының арқасында Эрлинг Холландтың голымен алға шықты.
Екінші таймда жанкүйер голға қарық болды. Мадридтіктер сапынан Дани Себальостың стандарттан орындаған тамаша пасынан Киллиан Мбаппе гол соқты. Алайда көп ұзамай “Реал” қақпасына 11 метрлік айып соққысы белгіленді. Нүктеге келген Холланд осы ойында дубль авторы атанды.
Камбэк жасауды жандары жақсы көретін испандықтар Браим Диастың арқасында есепті теңестірді. Қосымша уақытта Винисиус Жуниордың ойындағы екінші нәтижелі пасының арқасында Джуд Беллингем жеңіс голын соқты. Қорытынды есеп 2:3.
Осылайша “Реал Мадрид” Чемпиондар лигасындағы 300-жеңісіне жетті. Сонымен қатар, корольдік клуб дәл осы турнирді 15 рет жеңген жалғыз команда болып тұр.