Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Разы болмаймын": Қазақстандық әйел офисінің жанына киіз үй тігіп, мәйіт қойған көршілерінің әрекетіне шағымданды (видео)

Фото: Видеодан скрин

Ақтауда косметолог жұмыс орнының жанындағы киіз үйде үш күн жатқан мәйіттің кесірінен табысынан айырылғанын жеткізді. Осы орайда  Stan.kz исламтанушы мен этнографтан жерлеу рәсімі қай жерде, қалай жүзеге асуы керегін сұрап білді. 

“Қайтыс болған адамның кесірінен табысымнан айырылдым”

Оқиға 16 шағынауданда орналасқан Несібелі тұрғын үй кешенінде болған. Асма есімді косметологтың сөзінше, оның офисінің жанына киіз үй тігіп, қайтыс болған адамның денесін үш күн бойы жатқызып қойған. Ол осының салдарынан кәсібім тоқтап, нәпақасыз қалдым дейді. 

“Несібелі тұрғын үй кешенінде қайтыс болған адамды танитындарға айтарым бар. Біреуді зарлатып, кесірлеріңізді тигізіп, ол адамды жерлейін деп отырсыздар. Мен разы болмаймын. Маған қайтыс болған адамның кесірі тиіп жатыр. Өйткені ол жерде косметологиялық процедура өткіземін. Тура жұмыс орнымның терезесінің алдында қайтыс болған адамның мәйіті жатыр. Бұл санитарлық талаптарға мүлде сай келмейді”, – дейді косметолог.

Косметолог қайтыс болған адамның кесірінен балаларымен ризығынан айырылып отыр дейді. 

“Маған қайтыс болып кеткен адамның қаншама әсері тиіп жатыр. Біріншіден, ол офисте жұмыс істей алмаймын. Өйткені, ол жер санитарлық талаптарға мүлде сай келмейді. Тереземді ашып отыра алмаймын енді. Екіншіден, қазір танысымнан айырылып отырмын. Бір күн жұмыс істемесем шығынға ұшыраймын. Оның үстіне, балаларымның ризығы кетіп жатыр. Қайтыс болған адамның кесірінен, сол жерден нан туып отырған жесір әйелді шырылдатып қойды”, – дейді косметолог. 

Скрин: Instagram сториз

Сондай-ақ ол біреуге ауыртпашылық түсіріп, мұндай әрекет жасаудың қажеті жоқ дейді. 

“Мұны салт-дәстүр деп айтып жатады. Егер салт-дәстүріңіз соншалықты маңызды әрі керек болса мәйітті алып, бөлмеңізге орналастырыңыз. Сосын тамақтанған кезде қарап отырыңыз. Сізге бұл жағымды болғанымен, маған жағымсыз. Қайтыс болған адамның иісі мұрнымның астына келіп тұрса, неге бұл маған жағымды болуы керек. Өзі о дүниеге кетіп бара жатыр. Жалпы, адам болған соң біреуге ауыртпашылық түспесе екен дейміз. Бірақ, мына істеп отырған дүние, біреуді шырылдатып, ризығынан айыру дұрыс емес”, – дейді ақтаулық әйел.  

“Басқа адамдарға ыңғайсыздық тудырмау керек”

Ал исламтанушы Бауыржан Есмаханның пікірінше, мұсылман елдерінде жаназа рәсімі арнайы орталықтарда өткізіледі. 

“Негізі мәйітті жуындыру, кебіндеу міндет. Бірақ ауылдық жерлерде мүмкіндік болмаған соң үйде немесе ауласында өткізіп жатады. Қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “Qamqor-Sharapat” орталығын барлық облыстардан, мешіт жанынан ашып жатыр. Оның қызметі, мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқып, жерлеу. Бұл қызметтерді мешіт атқарады. Болашақта азаматтар осы орталықтарға жүгінетін болады. Негізі мұсылман елдердің көбінде үйде, аулада жасатпайды. Мешіттің жанында немесе бөлек орында өтеді. Денені сол жерге апарады. Онда сақтайтын салқын жер болады. Сол жерде жуындырып, кебіндеп, мешіттің ауласына апарып, жаназасын оқып, шығарып салады”, – дейді исламтанушы.

Бауыржан Есмаханның пікірінше, марқұмды соңғы сапарға шығарып салар кезде басқа адамдарға ыңғайсыздық тудырмау керек.

“Бір жерде той болуы мүмкін немесе бала-шаға қорқуы ықтимал. Ақтаулық косметолог кісінің жағдайы осыған ұқсас. Басқа кісілерге ыңғайсыздық тудырмау керек. Біздің ел кеңес үкіметінен өткен соң, осындай аулада өткізетін жағдайлар болып қалыптасып қалды. Бірақ күндердің күнінде мұндай рәсімдер "Qamqor-Sharapat" сынды орталықтарда, мешіттердің жанында өткізілетін болады. Ақырындап осыған келу керек. Бұл жағдай осыны түсіндіріп тұр”, – дейді исламтанушы. 

Исламтанушының айтуынша, қаза болған адамды жерлеп, шығарып салу міндет саналады.

“Жерлеп шығарып салу міндет, парыз, кифая. "Кифая" деген - егер бір қауымда, бір топ адам белгілі бір діни міндетін орындаса, сол міндет олардың мойнынан түседі. Жаназа да солай парыз саналады. Косметолог қарындасымыз секілді мазаланатын, ыңғайсызданатын адам болса, оларға ескерту керек. Көршілермен алдын ала келісіп алған жөн. Ал егер арнайы орталық болса, сонда апару қажет. Ол жерде ешқандай қиындық туындамайды”, – дейді Бауыржан Есмахан. 

“Көршілердің рұқсаты керек емес”

Ал этнограф Бұлбұл Кәпқызының сөзінше, қазақта адам көз жұмса киіз үй тігіп, мәйітті соның ішіне жатқызады. 

“Қазақ адам қайтыс болған кезде арнайы киіз үй тігіп, мәйітті шымылдықтың арғы жағына жатқызады. Марқұмның денесін бір күн түнетеді. Бұл қазақтың дәстүрі. Жаз күндері адам иістеніп, ісініп кетуі мүмкін. Сол үшін асты-үстіне мұз қалайды. Егер өте ыстық болып, мүмкін болмаса, күн күттірмей жерлейді. Адамды жуындырғанда киіз үйдің ішіне бөтен адамдар емес, арнайы жақындары кіреді. Олар бетіне бетперде тағып, қолына қолғап немесе дәке киіп, гигиеналық тазалықты барынша сақтап, мәйітті жуындырады. Сосын ғана жаназасын шығарып, жерлейді”, – дейді этнограф. 

Бұлбұл Кәпқызының пікірінше, қаза болған адамды жуындырып, жерлеу үшін көршілердің рұқсаты керек емес. 

“Қазақ халқы өлімге құрметпен қараған. Адам қаза тапқан соң, мәйітті жуындырып, жерлейтінін біледі. Сондықтан адамдар ол үшін бір-бірінен рұқсат сұрамайды. Адамды жуындырып, киімін пішіп, ақыретін киіндіреді. Сосын жаназасын оқып, соңғы сапарға аттандырады. Ол жерде көршінің рұқсаты керек емес. Өйткені дәстүрлі жерлеу рәсімінде қыс не жаз болсын, киіз үйін тігіп, соның ішінде жуындырады”, – дейді этнограф. 

Этнограф өзі де мәйітті жуындыру процесіне қатысқанын, мұндай жағдайда гигиеналық талаптар сақталатынын жеткізді. 

“Мәйітті жуындыруға арнайы адамдар тағайындалады. Бірі басына, екіншісі ортасына, тағы біреуі аяғына жауап береді. Ал тағы бір кісі су құйып беріп тұрады. Өзім мұндай бірнеше процеске қатысқанмын. Адамды жуындырған кезде тазалық сақтайсың. Аузы-басыңды, қолыңды ақ матамен орап аласың. Қайтыс болған кісінің денесін қолыңмен емес, дәке орап алып жуасың. Бұл қас-қағым сәтте өтетін жұмыс. Сондықтан шымылдықтың арғы жағында жеке бір үй тігіп, соған жатқызып, жуындырып шығару керек. Не болса да мәйіт өмір сүріп жатқан адамдардан бөлек қоршалған болуы керек”, – дейді этнограф. 

Жұртшылық не дейді?

Аталған жағдайға қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі, адамның денесін сақтап, екі-үш күн қою дұрыс емес десе, енді бірі мәйіт пен өз табысын салыстыру орынсыз дейді. 

“Адам өмірі мен қазасын бос сөзге теңеп қажеті жоқ. Эмоцияны шығарып, жөнсіз сөйлем өте төмен деңгей. Мұндай мәселеде біреуді кемсітуге, ауыр сөз айтуға болмайды. Бүгін осылай деп, ертең өмірдің өзі сынақ жіберуі мүмкін. Өмір бумеранг, ертең балаларың сені қалай шығарып салатынын білмейсің”.

“Астанадағы бастығымның дәл терезесінің тұсында бір әйел құлап, көз жұмды. Бастығым оған қарамастан, жұмысын жалғастырып отыр. Ол ешқандай наразылық білдірген жоқ. Бұл әйел сияқты дабыра жасамады”. 

Скрин: Threads

“Бұл жерде мәселені балаларына тіреп айтуы орынсыз көрінеді. Балалардың жағдайы ең алдымен ата-ананың жауапкершілігінде.. Осындай қарапайым нәрселерді ескермей сөйлеу біртүрлі әсер қалдырады”.

Скрин: Threads

“Оның мәйіт пен өз табысын байланыстырып сөйлеуі орынсыз болды. Бұл кісіге тиыны маңыздырақ болып тұр ғой. Дүние жүрекке кірді деген осы шығар”.

“Кей жерлерде туыстары түгел қоштасып үлгеруі үшін тұрғын үйлердің маңына қар үй тігіліп, ішінде мәйіт үш күн бойы жатады екен. Жалпы, бұл тақырып ел арасында қызу талқыға түсіп келеді. Мәселен мен мұндайға қарсымын. Себебі, адам қайтыс болды ма, бірден жерлеу керек.  Оны көшенің ортасына шығарып, бірнеше күн бойы көпшілікке көрсетіп қоюдың қажеті жоқ. Өлім той емес. Оны бірнеше күн бойы қар үйде сақтап, “көрмеге” айналдыру дұрыс емес”. 

Скрин: Threads

“Жеке өзім тұрғын үйдің ауласына киіз үй тігіп, онда мәйіт сақтағанын қаламас едім. Мұндай рәсімдерді тұрғындарға кедергі келтірмейтін, алысырақ жерде өткізген жөн. Дәстүрді сақтауға қарсы емеспін. Бірақ ол басқаларға қолайсыздық тудырмауы керек”. 

“Меніңше, бұл жағдай көпқабатты үйдің ауласында болған. Қар үй тігіліп, ішінде марқұмның денесі үш күн бойы жатқан. Мұндай жағдайда, косметолог дұрыс айтып отыр”.

Скрин: Threads

“Әйел ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Десе де мен оны қолдаймын. Шын мәнінде, тұрғын үй кешенінің ауласы марқұмды қоюға арналған орын емес. Пәтерің шағын болса да марқұмды сонда орналастыруға болады. Ал қар үй тігіп, оның ішіне мәйітті қойып, жуындыру этикаға сай емес. Оның үстіне санитарлық талаптарға сай келмейді”. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 15 Қаңтар, 2026 17:31