Рамазан айы жайлы маңызды мәліметтер
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Рамазан айына қатысты маңызды деректер жариялады.
- Осы жолғы ораза күннің ең ұзарған сәтіне сәйкес келіп отыр. Таңның атуы мен күннің батуы 17-18 сағатқа дейін созылады. Алайда күннің ұзақтығы мен шілденің аптап ыстығы отандастарымыздың ораза ұстауына кедергі келтірмейді деп сенеміз. Өйткені, Рамазан – жылына бір рет келетін, сауаптар еселеніп жазылатын берекелі, қасиетті ай. Мұсылман баласы мұндай мүмкіндіктер айын жіберіп алмауға тырысады.
- Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде өкіл имамдардың бірауыздан келісуімен Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері 200 теңге болып бекітілді. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап, ораза айт намазына дейін беруге болады.
- Пітір-садақадан түскен қаражат есебінен мүгедектер мен қарттарға, жесір әйелдер мен жетімдерге, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетіледі.
- Қасиетті Қадір кеші – шілденің 1-нен 2-сіне қараған түн. Қадір түнінде мешіттерде таңға дейін рухани бағдарламалар ұйымдастырылады. Уағыз айтылып, Құран оқылып, жамағатпен дұға жасалады.
- 5 шілде күні ораза айт мерекесі басталады. Ораза айт күндері мешіт аулаларына қазақ үйлер тігіліп, жамағат арасында ұлттық спорт түрлерінен (асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру, т.б.) жарыстар ұйымдастырылады.
- 5 маусым күні құптан намазынан кейін мешіттерде тарауих намазы оқылады. Тарауих намазы 29 күн оқылып, қасиетті кітабымыз Құран Кәрім толық хатым етіледі. Құдайға шүкір, қазір өз елімізден жас қарилар шығып, тарауих намазын оқуда. Өткен жылы «Әзірет Сұлтан» мешітінде 14 жастағы ең жас қариымыз, республикалық Құран жарысының Бас жүлдегері Дулат Болатбекұлы тарауих намазын өтеп, жамағаттың алғысы мен қуанышына бөленді.
- Жолаушыларға, жүкті, етеккірі келген немесе омырауда баласы бар әйелдерге, науқас жандарға ораза ұстау – парыз емес.
- Сапарда ораза ұстамауға болады. Бірақ басқа күндерде санын толтырып, ауыз бекітеді. Егер сапар қиындық туғызбаса, абзалы – ауыз бекіту.
- Жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер егер денсаулығы мен сәбиіне зиян келуден қорықса, ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады.
- Рамазан кезінде етеккірі келген немесе босанған әйелдің оразасы бұзылады. Мұндай жағдайда аузын ашып, кейіннен ұстамаған күндердің қазасын өтейді.
- Рамазан айы қарсаңында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мұсылман қауымына Үндеу жолдап, халқымызды оразаның әр күнінде жақсылық жасап, қайырымдылық іс-шараларға атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді тұрмысқа қажетті заттарға жеңілдік жасауға, жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатпауға үндеді.
- Қасиетті айдың қарсаңында Алматыдағы Республика сарайында, Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында, облыстардағы мәдениет үйлерінде «Қош келдің, Рамазан!», «Берекелі мереке», «Берекелі Рамазан» деген тақырыппен рухани-мәдени, патриоттық кештер ұйымдастырылды.
- Жыл сайынғы дәстүр бойынша Рамазан айының құрметі үшін «Тегін такси», «Тегін автобус», «Қайырымдылық – қайырлы іс», «Барыңмен бөліс», т.б. қайырымдылық акциялар ұйымдастырылады.
- Тарауих намаздарынан кейін жамағат үшін мешіт аулаларына арнайы автобустар қойылып, тұрғындар тегін жеткізіледі.
- Елімізде ауызашар берудің қазақы-мұсылмандық мерекелік мәдениеті қалыптаса бастады. Ауызашарларда тек уағыз-насихат айтылып қана қоймай, арнау, жыр-толғау, термелер орындалып, өсиетті өлеңдер оқылады. Сонымен қатар, жылы лебіздер мен тілектер айтылады. Ораза, имандылық, бірлік, ізгілік туралы ғибратты бейнероликтер көрсетіліп, тағылымы мол, адам өрісін дамытатын викториналық сұрақтар қойылады. Жеңімпаздар құнды сыйлықтармен марапатталады.
Талқылау