"Қыздың тағдырын бұзып алудан қорқамын": Димаш Құдайберген неге үйленбей жүргенін ашық айтты

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Астанада өткен форумда өзі үшін неке мен отбасының мәні қандай екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша, оған “Қашан үйленесің?” деген сұрақты Қазақстанға келген сайын әуежайдағы паспорттық бақылау қызметкерлерінен бастап, айналасындағы адамның бәрі қояды.
“Мен Қазақстанға ұшып келген сайын паспорттық бақылау қызметкерлері “Димаш, қашан үйленесің?” деп сұрайды. Қарсы алатындардың бәрі де осы сұрақты қояды. Үйге барсам, таңғы ас, түскі ас, кешкі ас үстінде де жақындарым осыны сұрайды. Достарым да осы мәселеге қызығады”, – деп әзілдеді Димаш.
Әнші мұндай маңызды дүниелерге үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айтты. Ол уақытша сезімге еріп, қыз баланың тағдырын бұзып аламын ба деп қорқатынын жасырмады.
“Әр нәрсенің өз уақыты бар. Менің ойымша, өмірлік таңдауға барынша үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Себебі қазір күшті сезімге еріп, қыз баланың тағдырын бұзып алуым мүмкін – мен содан қорқамын. Бәлкім, қыздарды қатты құрметтейтіндіктен, бұл мәселеге басқаша қарайтын шығармын. Меніңше, үйленгеннен кейін өмірдің соңына дейін бірге өтіп, бір жастықта қартайып, содан бақыт табу керек”, – деді Димаш.
Сондай-ақ әнші қазақстандықтарды қыз-келіншектер мен әйелдерге барынша қамқорлықпен қарауға шақырды.
“Әлеуметтік желіде қыздарымыз бен қарындастарымызға жасалған қиянат туралы түрлі жаңалықтар жарияланып жатады. Өкінішке қарай, ондай ер адамдар бар. Менің айтпағым, нағыз ер азаматтық әйел затына құрметпен әрі жанашырлықпен қараудан көрінеді. Келіңіздер, оларды құрметтеп, қорғайық”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген ТҮРКСОЙ-дың ең жоғары марапатына ие болғаны хабарланған еді.
"Азық-түлік пен медицина қолжетімді": Иранда тұратын қазақ қандастар Отанға оралғысы келмейтінін айтты