"Qaztest-тен 0 қойылады”: Депутат көптеген мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білмейтінін айтып сынады

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуіне қатысты мәселе көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс отырысында депутат мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевқа сауал жолдады. Айтуынша, қазір мемлекеттік қызметте шамамен жүз мың адам еңбек етсе, олардың көбі қазақ тілін білмейді.
“Екі жыл бұрын мемлекеттік қызметкер саны 89 мың дегеніңіз есімде. Қазір екі жыл өтті, дөңгелектеп жүз мың қылайық. Жүз мың мемлекеттік қызметкер 20 миллион халықтың 0,5 пайызы. Ал 100 мың қызметкердің 90 пайызы қазақтар. Солардың көп болса, 10-15 пайызы мемлекеттік тілді білмейді деп ойлағанның өзінде, бұл 20 миллион халықтың 0,5 пайызы. Енді осы мемлекеттік қызметкерлер үшін мемлекеттік тілді міндеттеу қашанғы кейінгі шегеріледі? Мұны айтып отырған себебім мемлекеттік қызметке кірер кезде Qaztest тапсырған кезде қазақ тілінен сұрақ бар. Бірақ оған балл қойғанда 0 қойылады. Қазақ елінде қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің балы қашанғы 0 болады?”, – деді депутат.
Қазыбек Иса осы тұста бұл мәселенің қашан шешілетінін сұрады.
“Мемлекет басшысының өзі Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді білу парызы және міндетті деді. Бұл міндет ең алдымен мемлекеттік қызметкерлерден басталмай ма?” – деп қосты депутат.
Дархан Жазықбаев екінші оқылымға дейін бұл мәселе қарастырылатынын айтқан еді. Бұл жолы да мемлекеттік қызметкерлердің бәрі қазақ тілін білуі міндетті деп санайтынын айтып, қысқа жауап қайтарды.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған