Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

QazTehna Қазақстанда алғашқы штамптау өндірісін іске қосып жатыр

Саран қаласында орналасқан отандық автобус және коммерциялық техника өндірушісі “QazTehna” зауыты елімізде алғаш рет кузов бөлшектерін штамптайтын өндірістің іске қосылғанын мәлімдеді.

Жоба толық өндірістік цикл құруға бағытталған ірі инвестициялық бағдарламаның аясында жүзеге асырылуда. Жалпы инвестиция көлемі 20 миллиард теңгеден асады. Қаржыландыру QazTehna компаниясының өз қаражаты есебінен және Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жүргізілуде.

Жобаның негізгі нысаны 10 693 шаршы метр аумақта орналасқан жаңа корпуспен ерекшеленеді. Бұл цех Қазақстандағы баламасы жоқ алғашқы және жалғыз гидравликалық штамптау пресімен жабдықталады. Ол пресс автобустардың кузовына қажетті металл бөлшектерді шығаруға арналған. 

Бұл технологиялық өндіріс дайын өнімдердегі қазақстандық үлесті едәуір арттырып, өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта штамптау жабдығын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Алғашқы бөлшектерді шығару 2025 жылдың тамыз айына жоспарланған.

Өндірістік процесте Qarmet металлургиялық комбинаты жеткізетін қазақстандық 08КП маркалы мырышталған болат қолданылады. Бұл болат халықаралық сертификаттаудан өтіп, әлемдік сапа стандарттарына сай екендігін дәлелдеді.

Бұл қадам индустрияландыру мен импортты алмастыру бағытындағы маңызды жетістікке баланып отыр әрі Қазақстанның “өнеркәсіптік егемендігін” нығайтуға саланың қосқан үлесін айқын көрсетеді.

Алғашқы кезеңде өндіріс қала, туристік және мектеп автобустарының негізгі модельдеріне арналған кузов бөлшектерін шығармақ. Алдағы уақытта HOWO маркалы автобустар мен коммерциялық техниканың жаңа модельдеріне арналған бөлшек түрлері кеңейтіледі.

QazTehna компаниясы үшін басты назарда – өндірісті тереңірек жергіліктендіру және технологиялық кластер құру. Бұл жоғары технологиялық өңдеу сатыларын игеруді, отандық шикізатты пайдалануды және ілеспе өндірістерді дамытуды қамтиды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жолдауында айтылған еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді.

Бұл бастама қарқынды дамып келе жатқан қазақстандық машина жасау саласының жаңа технологиялық деңгейге өтуіне жол ашып, ірі халықаралық инвесторлардың қызығушылығын арттыруда.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 14:00
Талқылау