Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Танымайтын адамды бір ай үйінде тұрғызған": Желідегілер қазақтың қонақжайлығы жайлы ерекше оқиғаларды бөлісіп жатыр

Қонақжай қазақтарФото: ЖИ

Желі қолданушылары қазақтың қонақжайлығына қатысты ерекше әрі қызық оқиғаларды жарыса бөлісіп жатыр. Олардың айтуынша, кей ата-аналар пойызда немесе көшеде танысқан жандарын үйге ертіп келіп, төрінен орын беріп, дастархан жайған. Ал тағы бір қолданушының ата-анасы шетелде бір қызбен танысып, оны Қазақстанға алып келген. Ол қыз олардың үйінде бес жыл тұрып, ақыр соңы әкесі оған жеке пәтер сатып алып берген. Stan.kz қазақстандықтардың ерекше оқиғаларына шолу жасады.

Дінмұхамед есімді қолданушы өз өмірінен ерекше оқиғаны бөліскен. Оның анасы Алматыға ұшып келген сәтте жалғыз келмей, жанында тағы бір кісі болған. Анасы оны “Гуля тәтең, көмектесу керек” деп таныстырады. Ол бұған қарсы шығудың жөні жоқ деп ойлап, еш сұрақ қоймай келіседі.

Осылайша, ол әйелді күні бойы қала ішінде ертіп жүріп, шаруаларын атқарып, ауруханаға дейін апарып-келіп, жүргізуші қызметін атқарады. Төртінші күні ғана әлгі әйелді басқа мекенжайға жеткізіп тастайды. Үйіне оралған соң анасынан оның кім екенін сұрағанда, таңғаларлық жайт белгілі болады: төрт күн бойы үйінде қонақ болған әйел – ұшақта кездейсоқ танысқан жолаушы болып шығады.

“Дүкенде шай сұраған жігітті үйіне ертіп келген”

Толқын есімді қазақстандық та анасы жайлы қызық жайтты бөлісті. Қарағандыда теміржол вокзалына жақын маңдағы жеке үйде тұрған. Бір күні анасы кенже інісін мектепке апарып тастап, қайтар жолда дүкенге соққан. Дүкенде кезекте тұрған жас жігіт сатушылардан ыстық шай құйып беруін сұрап тұрыпты. Алайда сатушы қыздар оған көмектесуден бас тартқан. 

“Жаңа ғана пойыздан түстім, басым ауырып тұр, бір кесе шай ішуім керек” деп өтінген. Тіпті “Бәріміз қазақпыз ғой, түсініңіздер, өздеріңіз де күні бойы шай ішесіздер емес пе” деп сендіруге тырысқан. Бірақ сатушы қыздар келіспеген”, – деп жазды ол.

Жазба авторының сөзінше, жүрегі жұмсақ, өзі де шайды жақсы көретін анасы бұған бейжай қарай алмаған көрінеді. Сөйтіп ол әлгі жігітті өз үйіне шақырған.

“Үйде ол кезде ешкім болмады, біз, яғни балалары Астанада, ал әкем іссапармен Павлодарда еді. Анам дастархан жайып, шай құйып, әдеттегідей әңгімеге тартып, қайдан екенін, қай ауылдан екенін сұрай бастаған. Сөйлесіп отырған кезде әлгі жігіт кенеттен “Сіз Күмісайдың анасы емессіз бе?” деп менің үлкен әпкемнің атын атайды. Анам таңғалып “Иә, мен оның анасымын” деген. Сөйтсе, ол жігіт әпкеммен ауылдағы мектепте бірге оқыған екен. Анамды дауысынан таныпты”, – деп жазды ол.

Қазақстандықтың сөзінше, анасы Астанаға көшкеннен кейін де өзгермепті, үйлеріне барған электрші де, сантехник те бір кесе шай ішпей кетпеген екен.

“Пойызда танысып, қонақ қылған ер адам ұры болып шыққан”

Әсел есімді қазақстандық та ата-әжесінің жас кезіндегі оқиғасын еске алды. Олар пойызда бейтаныс ер адаммен танысып, оны үйіне ертіп әкелген. Ал ақырында оның ұрлық үшін түрмеге отырып, енді ғана бостандыққа шыққаны белгілі болған. 

“Үйге келіп, дастархан жайып, қонақты төсекке, ал өз балаларын жерге төсек салып жатқызған. Таңға таман әлгі кісі үнсіз кетіп қалады. Ол жолда аула сыпырушы Люба есімді әжеймен жүздесіп қалған, ол “Неге ерте кетіп бара жатырсың?” деп сұраған. Сонда әлгі адам “Апа, мен ұрымын, жаңа ғана бостандыққа шықтым. Өмірімде алғаш рет маған адам ретінде қарады. Бірақ қазір бірдеңе ұрлап кетуім мүмкін, сондықтан бұл жақсы адамдарға зияным тимесін деп кетіп барамын” деп жауап берген”, – деп жазды ол.

Келесі оқиғада қазақстандық көл жағасында демалып жүрген сәтін баяндады. Оның айтуынша, демалыс орнында көрші отырған топ одан от жағуға арналған құрал сұраған. Кейін олар ризашылық белгісі ретінде тұтас бір табақ кәуап әкеліп, алғыстарын білдірген.

”Қазақтың қонақжайлығы деген осы! Міне, нағыз қазақы кеңдік!” – деп жазды ол.

“Қария бір ай бойы бөтен отбасының үйінде тұрған”

Тағы бір қолданушының айтуынша, балалық шағында бейтаныс ата келіп үйлерінде бір түн түнеп шығуға сұранған. Сөйтіп ер адам олардың үйінде бір айға жуық уақыт бойы тұрған, ал ата-анасы ол кісіні қуып жіберуге ұялған. 

“Біз кішкентай кезде оны өз атамыз деп ойлап, құшақтап жүрдік”, – деп күлді жазба авторы.

Келесі жазба авторының ата-анасы 1978 жылы шетелге демалысқа барып, сол жақтан студент қызды ертіп келіпті. Осылайша, ол қыз олардың үйінде шамамен 5 жылдай тұрған.

“Ол қыз жатақханада тұрған екен. Кейін әкем оған пәтер алып берді. Содан бері туыстай араласып кеттік. Негізі мені өсірген де сол кісі десем болады”, – деп жазды ол.

Гүлмира есімді қолданушының әкесінің бір топ адам үйіне ертіп келген кезін еске алды. 1980 жылдары әкесі іссапарға жолға шығып, бір сағаттан кейін қайтып келген. Бірақ жалғыз емес, қасында бір топ ер адам болған. Сөйтсе, олар жолда автобусы бұзылып, жолда қалып қойған адамдар екен. 

“Әкем “Бұлардың бәрі жол жүріп келе жатқан адамдар, барар жері жоқ екен. Үйге кіріп, шай ішіп, тынығып алсын” деді. Ол кезде мен бастауыш сыныпта оқитын едім. Кейін автобус жөнделіп, әлгі адамдар кетіп қалды”, – деп жазды ол.

Ал 90-жылдары ол тұрмысқа шығып кеткеннен кейін, бір күні төркіндітіп ата-анасының үйіне барғанда бейтаныс үш бала ойнап жүрген. Ол анасынан “Бұл кімнің балалары” деп сұрағанда “Көшеде қайып сұрап жүрген еді, үйге алып келдім” деп жауап беріпті. Кейінірек ол балаларды ата-аналары іздеп жүргені анықталыпты. 

“Сөйтсек, олар интернаттан қашып кеткен кішкентай балалар екен. Бір аптадан кейін оларды алып кетті, ал үйдегілер ұазқ уақыт бойы шаштарынан биттерді тазалады”, – деп жазды ол.

 

“Бейтаныс жастар үшін қой сойған”

Тағы бір желі қолданушысы 15 жыл бұрынғы әсерлі оқиғасын еске алды. Ол достарымен Шығыс Қазақстанға саяхаттап барып, шағын ауыл маңында өзен жағасына түнеуге тоқтайды. Жақын маңдағы үйде қазақ отбасы тұрады екен. Олар саяхаттап жүрген достардың бірінің әкесін танитын болып шыққан. Сөйтіп олардың шатыр құрып, сыртта қонайын деп жатқанын естіген соң, олар бәрін үйіне шақырған.

Оларды қонақ ретінде қарсы алып, қой сойып, ет тамақ дайындап берген.

“Мен Шығыс Қазақстанда туып-өссем де, дәл сол сәтте алғаш рет қазақтың шынайы қонақжайлығының қандай болатынын түсіндім”, – деп жазды ол.

Ал келесі оқиғаны ресейлік әйел бөлісіп, қазақтардың қонақжайлығына тәнті болды.

Ол отбасымен ауылдан қалаға қайтып бара жатқан. Жолда мотоцикл бұзылып, оталмай қалған. Мұны қазақ қария байқап, үйіне қонаққа шақырған. Бұған қоса, арнайы тамақ дайындап, құрмет көрсеткен. 

“Жүріңдер, бізге барып қоныңдар, таңертең не болғанын бірге қараймыз. Түнде далада қалу қауіпті ғой” деп шақырды. Біз келістік. Барған соң өзіміз сарайға қарай беттей берген едік, қария “Жоқ, үйге кіріңдер, сендер не айтып тұрсыңдар?” деді. Мен “Біз бөтен адамбыз ғой” деп едім, ол “Қонақты сарайға қондыру – ұят” деп жауап берді. Оларға көп рақмет!”, – деп жазды ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 10 Сәуір, 2026 17:20