Қазақстанда жаңа Конституцияны мектептер мен университеттерде оқыту ұсынылды

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстанда Конституцияны мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында премьер-министр жаңа Конституцияны түсіндіру жұмыстары туралы айтты.
“Қазір Конституциядағы барлық жаңашылдықты түсіндіруге бағытталған жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іске сарапшылар мен қоғам қайраткерлері тартылған”, – деді премьер-министр.
Тоқаев 1995 және 2026 жылдардағы Конституцияның басты айырмашылығын айтты
Парламентке 5 жаңа конституциялық заң жобасы енгізіледі – Тоқаев
Үкімет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігіне осы бағыттағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Бектенов Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне халықтың құқықтық сауатын арттыруға арналған кешенді бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Конституция нормаларын мектептер, колледждер мен университеттердің оқу бағдарламасына енгізуді ұсынды.
Еске салайық, 15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтті. Мемлекет басшысы да Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ бүгін Конституция жобасын мақұлдау бойынша республикалық референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды. Exit poll нәтижесін сауалнама бойынша Еуразиялық интеграция институты ұсынды.