Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда құны 277 миллион доллардан асатын көмір-химия өндірістік кешені құрылмақ

Фото: finance.yahoo.com

Qarmet базасында инвестиция көлемі 277 миллион доллардан асатын көмір-химия кластері құрылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды. 

Компанияда көмір химиясын дамыту үшін өнеркәсіптік база қалыптасып жатыр. Оның негізінде 2 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл бастама көмірді тек өндірумен шектелмей, оны терең өңдеуге бағытталған. Атап айтқанда:

  • 422 миллион долларлық №8-9 кокс батареяларын салу;
  • 166 миллион долларға кокс газын тазарту жүйесін іске қосу жоспарланған.

Жоба аясында жылына 35 мың тоннаға дейін шикі бензол өндіру және көмір-химия өнімдерінің 15-тен астам түрін шығару көзделіп отыр. Бұл экологиялық тұрғыдан да тиімді:

  • қатты қалдықтар 60–90% азаяды;
  • тазарту жүйесінің тиімділігі 99,8%-ға жетеді;
  • қауіпті қалдықтар 46–55% қысқарады;
  • суға қалдық төгу көлемі 99%-ға дейін төмендейді.

Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 240 жаңа жұмыс орны ашылады. Компания синтез-газ өндірісі бойынша QazaqGas-бен ынтымақтастықты қарастырып жатыр.


Қазақстанда алдағы уақытта көмір қымбаттайды


Сонымен қатар үкімет отырысында "Богатырь Көмір" ЖШС бас директорының орынбасары Асылбек Жұматаев компанияның 2026–2032 жылдарға арналған кешенді даму жоспарын таныстырды.

Оның айтуынша, "Богатырь Көмір" – еліміздегі ең ірі көмір өндіруші кәсіпорындардың бірі. Компанияның көмір қоры 2,4 миллиард тонна. Ал жылдық өндірістік қуаты 42 миллион тоннаға жетеді. Бұл Қазақстандағы жалпы өндірістің шамамен 38%-ы. Кәсіпорында 6,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Жалпы бағасы 360 миллион теңге болатын даму жоспары аясында:

  • 114 миллиард теңгеге заманауи технологиялар енгізіледі;
  • 132 миллиард теңгеге жабдықтар жаңартылады;
  • 114 миллиард теңге цифрлық трансформация мен өндірісті жаңғыртуға бағытталады.

Асылбек Жұматаевтың сөзінше, бұл жай ғана инвестиция емес, өндірудің жаңа технологиялық моделіне көшу.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда көмір қоры 300 жылдан астам уақытқа жететіні айтылды.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 07 Сәуір, 2026 15:41