Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетті

Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығы ең жоғары деңгейге жеттіФото: Freepik.com

Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы соңғы 30 жылда 8 жылдан астам уақытқа артты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан тарихында алғаш рет өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жеткен. Бұл – ел тәуелсіздігі жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш.

“1991–2025 жылдар аралығындағы демографиялық деректерді талдау халықтың өмір сүру сапасы мен ұлт денсаулығында түбегейлі өзгерістер болғанын көрсетеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1991 жылы, орташа өмір сүру ұзақтығы 67,6 жас болды (2001 жылы – 65,6, 2011 жылы – 68,98, 2021 жылы – 70,23). Осылайша, үш жарым онжылдықтағы ілгерілеу нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа ұзарды”, – деп хабарлады министрлік.

Сарапшылардың айтуынша, жалпы өмір сүру ұзақтығына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жұқпалы емес аурулармен күрес.

“2025 жылы Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағындағы жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімді 25% төмендеткен он елдің қатарына енді. Бұл – ДДСҰ-ның Еуропалық бағдарламасында белгіленген мақсатты көрсеткіш”, – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.

Сондай-ақ ведомство бұл оң динамика денсаулық сақтау саласын дамытуға, халықтың өмір сапасын жақсартуға және өлім-жітім деңгейін төмендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсететінін айтты.

Қазақстан Үкіметі 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде елдегі өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.


Әйелдер ерлерге қарағанда ұзағырақ өмір сүреді: Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы артқан

Қазақстан әлемдегі бақытты елдер қатарында Франция мен Италиядан озды


Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ТМД елдерін басып озып, әлемдік "бақыт" рейтингінде жоғары орынға көтерілгені хабарланған еді.

Қазақстан World Happiness Report есебі бойынша әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде 10 сатыға көтерілді. Биыл Қазақстан 147 елдің ішінде 33-орынға ие болды. Ал өткен жылы еліміз 43-орында болған еді. Осылайша, Қазақстан ТМД елдері арасында ең үздік нәтиже көрсетті.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 06 Сәуір, 2026 15:52