Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мемлекеттік саясат туралы сериал түсірілмек: Мәдениет министрлігі оған қанша қаржы жұмсалатынын айтты

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік саясат тақырыбындағы сериалдарды түсіруге жарияланған байқаудың шарттарын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ведомство аталған байқауды қаңтар айында жариялағанымен, оның талаптары нақты аталмаған еді. Онда министрлікке жеке студиялардан түрлі жанрда түсірілетін фильмдер мен сериалдар қажет екені айтылған. Бұл жобаларда мемлекет үшін маңызды тақырыптар қамтылуы тиіс. Атап айтқанда, президент реформалары, рухани құндылықтар, кәсіпкерлік, агроөнеркәсіп және басқа да бағыттар. Алайда қатысушылар санаттары мен бюджет көлемі көрсетілмеген.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтың айтуынша, бұл жүйе гранттық қағида бойынша жүзеге асады. Контент өндірушілер идеялары мен сметасын өздері ұсынады. Ал арнайы комиссия оларды іріктейді.

“Негізгі қағида мынадай: продакшн өз идеясымен келіп, оның құнын ұсынады. Ал құрамында мемлекеттік орган өкілдері жоқ комиссия жобаны қолдау-қолдамау туралы шешім қабылдайды”, – деді ол.

Шын мәнінде, бұл механизм питчинг форматына ұқсайды. Авторлар жобаның қысқаша мазмұнын (синопсис) ұсынады. Ал мақұлданған жағдайда оны пилоттық нұсқаға дейін дамытып, кейін өндіріс кезеңіне жібереді.

Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі балконға мемлекеттік Туды ілуге бола ма деген сауалға жауап берген еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 14:44