Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді зергерлік бұйымдарға цифрлық құжат жасау міндеттелмек

зергерлік бұйым

Фото: Freepik.com

Енді алқа, сырға, тіпті сақинаның да цифрлық құжаты болады. Өйткені өндірушілер әшекей бұйымдарды таңбалауға міндеттелмек. Мысалы базар не зергерлік дүкеннен сақина сатып алсаңыз, дереу QR кодын сканерлеп, қайда, неден жасалғанын да көруге мүмкіндік бар. Осылайша, көлеңкелі кәсіпті жойып, салық түсімін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Зергерлердің айтуынша, нарықта онсыз да тәртіп бар. Қазірдің өзінде әр бұйымға сынама мен арнайы белгі қойылады. Онсыз өнім заңды түрде сатылмайды. Ережеге бағынбағандарға айыппұл қарастырылған. Сондықтан жаңа талап артық бақылау дейді олар. Тіпті бұған дейін басқа тауарларға енгізілген таңбалау да күткен нәтиже бермеді деп отыр.

Қазақстанда алтын бағасы тарихи рекорд орнатты

Қазақстанда алтын бағасы тарихи рекорд орнатты

Оқыңыз

 

“Таңбалау қосымша шығындарды талап етеді. Бұдан мемлекет емес, табысты таңбалау операторы пайда көреді. Бізге “әр бұйымға 3 теңге ғана” деп айтты. Бірақ бұл – бастапқы баға ғана. Біз 2D-сканерлер, түрлі құрал-жабдықтар сатып алуымыз керек. Сонымен қатар арнайы бухгалтерлік жүйе енгізіп, қосымша маман жалдауға тура келеді”, – деді зергерлік бұйымдар лигасының төрағасы Дінмұхамед Табылды.

Ал министрлік бұл жүйе нарықты “тазартуға” мүмкіндік береді деген ойда. Жоспар бойынша цифрлық таңбалау келесі жылдың желтоқсанынан бастап міндетті болады. Әр бұйым арнайы кодпен белгіленіп, оның қозғалысы толық бақылауға алынады. Яғни, кім өндірді, кім сатты, қайдан келді – бәрі тіркеледі. Бұл контрабанданы азайтып, адал бәсекені қалыптастыруға тиіс. Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Сарапшылардың айтуынша, мұндай ашықтық сатып алушыға да әсер етуі мүмкін.

“Ал енді мына таңбалау арқылы баға 10-15% көтерілуі мүмкін. Бірақ ашық түрде сауда жасап, ашық түрде сатып алуға мүмкіншілік болады. Бұрынғыдай жасырын көлеңкелі түрде жасай алмайды. Әрине егер ондай сатса, бағасын төмендетіп сатуға тура келеді”, – деді экономист Дулат Мыңбаев.

Кәсіпкерлер есебінше, жаңа жүйе бағаны тіпті 40%-ға дейін өсіруі мүмкін. Бұл тек бизнеске емес, қарапайым тұтынушыға да соққы. Себебі шығынның бәрі ақыр соңында сатып алушыға түседі дейді.

Қазір елде 4,5 мыңға жуық адам осы нарықта жұмыс істейді екен.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 08 Сәуір, 2026 08:22