Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кім ойлап тапқан, сол өзі төлесін": Тоқаев жасанды интеллект министріне ескерту жасады

Фото: Әлеуметтік желіден / 1. Жаслан Мәдиевтің архивінен. 2. chat gpt

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің дамуына қатысты сұрақ көтеріп, Qazaq LLM, Alem LLM және ChatGPT арасындағы нақты пайдаланушылардың айырмашылық мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде жасалған жасанды интеллект жүйелерінің қаншалықты танымал екенін сұрады. Әсіресе, отандық Qazaq LLM мен Alem LLM модельдері шетелдік өнімдермен, соның ішінде ChatGPT-пен салыстырғанда қанша адам қолданатынын білгісі келді.

Цифрлық даму вице-премьері әрі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстанда екі ірі тілдік модель жасалған.

"Модельдер 40-тан астам цифрлық жүйеге енгізілген. Олардың қатарында eGov AI, Tasbol және басқа да сервистер бар. Модельдер ашық түрде қолжетімді. Оларды IT-компаниялар, стартаптар, студенттер және ғылыми-зерттеу ұйымдары пайдалана алады. Дегенмен, министр бұл жүйелердің сапасын үнемі жақсартып отыру қажет екенін мойындады", – делінген министрлік хабарламасында.

Оның айтуынша, әлемдік алпауыт компаниялар (мысалы, OpenAI мен Anthropic) өз модельдерін үнемі жаңартып отырады, сондықтан Қазақстан да жасанды интеллектіні үздіксіз дамытуы тиіс. Бұл бағытта халықаралық мамандармен бірлесіп жұмыс жалғасады.

Президент нақты сандарды да сұрады. Министрліктің дерегінше, Qazaq LLM-ге 600 мыңнан астам сұраныс тіркелген. Ал ChatGPT-ді Қазақстан халқының шамамен 13%-ы, яғни 2 миллионнан астам адам пайдаланады. Сонымен қатар президент қазақстандық Aitu мессенджерінің аудиториясына да назар аударды. Министрдің айтуынша, Aitu қолданушыларының саны 700 мыңнан асып, 1 миллионға жақындап қалған. Алайда президент бұл мәліметтердің нақтылығына күмән келтіріп, көрсеткіштерді қайта тексеру қажет екенін айтты.

"Цифрлық мемлекетке айналу –  стратегиялық міндет, әрі оның шешуші мәні дәл осы жылы айқын көрінеді. Сондықтан Үкімет жүзеге асырып жатқан жобалар бұл салада нақты серпіліс қамтамасыз етуі тиіс. Сізге сұрақ. Айтқаныңызға қарағанда, әзірленген барлық ведомстволық бағдарламаларды KazTech платформасына “қондыру” қажет. Бұл қалай жүзеге асады? Өйткені Бас прокуратурадағы кеңесте қажет болатын қаражат көлемі бойынша бір сан айтылды. Бұл мәселеге кейінірек пікір білдіремін. (...) Мұның бәрін кім ойлап тапқан, сол өзі төлесін", –  деді Тоқаев.



Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі IT саласына көңілі толмайтынын айтып, жеке деректермен байланысты ұлттық мессенджер Aitu-ға көшіруді тапсырды. Кейін мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін Aitu сервисіне қосылуға міндеттелді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 11:46