Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Qarmet" жастар хоккей командасы тұңғыш рет Jastar Hokei Ligasy финалына шықты

Qarmet_ жастар хоккей командасы тұңғыш рет Jastar Hokei Ligasy финалына шықты

2025/2026 жылғы маусым “Qarmet” жастар хоккей командасы үшін шын мәнінде ерекше. Теміртаулық ұжым жарқын, сенімді әрі нәтижелі ойын көрсетіп, қуатты шабуылды сенімді қорғаныспен ұштастыра отырып, тұрақты чемпионаттағы жеңістен бастап финалға дейінгі тарихи жолдан өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Qarmet_ жастар хоккей командасы тұңғыш рет Jastar Hokei Ligasy финалына шықты

Тұрақты маусымды “Qarmet” турнир кестесінде бірінші орынмен аяқтап, чемпион атанды. 48 матчта команда 87 ұпай жинап, жоғары нәтижелілік көрсетті: 280 шайба соғып, небәрі 75 шайба жіберіп алды. Чемпионаттағы ең есте қаларлық сәттердің бірі – елордалық “Барысты” 5:4 есебімен жеңуі. Сол ойында теміртаулықтар қарсыластың 27 матчқа созылған жеңісті сериясын тоқтатып, турнирдегі көшбасшылықты қайтарып алды және маусым соңына дейін оны сақтап қалды.

Qarmet_ жастар хоккей командасы тұңғыш рет Jastar Hokei Ligasy финалына шықты

Чемпионат барысында команданың көшбасшылары тұрақты біріншіліктің үздік бомбардирі Никита Рублёв пен қақпашы Алексей Зюзин. Зюзин көптеген қиын сәттерде әріптестерін құтқарып, сенімді ойын көрсетті. Плей-офф кезеңіне “Qarmet” бірінші орынмен шығып, кубок үшін күресті негізгі фавориттердің бірі ретінде бастады. Ширек финалда теміртаулық клубтың қарсыласы өткен маусымның чемпионы – “Астана” жастар командасы болды. Максим Худяков баптайтын ұжым сенімді ойын көрсетіп, қарсыласын 6:0, 7:3 және 3:0 есептерімен жеңіп, серияны 3:1 нәтижесімен аяқтады.

Qarmet_ жастар хоккей командасы тұңғыш рет Jastar Hokei Ligasy финалына шықты

Жартылай финалда “Qarmet” Алматының жастар командасымен кездесіп, серияны толық басымдықпен – 4:0 есебімен аяқтады. Теміртауда өткен алғашқы екі матчта алаң иелері 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойындарда қақпашы Алексей Зюзин соңғы шепте сенімді өнер көрсетті. Алматыда өткен үшінші кездесуде теміртаулық команда қарсыласынан 7:2 есебімен басым түсті. 7 наурыз күні өткен серияның шешуші ойыны биылғы плей-оффтағы ең драмалық кездесулердің біріне айналды. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталды. Ойын овертаймда жалғасты, ал жеңімпаз тек екінші қосымша кезеңде анықталды. Ойынның 98 минут 51 секундында команда капитаны Никита Рублёв шешуші шайбаны соғып, “Qarmet-ке” 3:2 есебімен жеңіс әкелді.

Qarmet_ жастар хоккей командасы тұңғыш рет Jastar Hokei Ligasy финалына шықты

“Бұл матч Jastar Hokei Ligasy тарихындағы ең ұзақ ойындардың бірі ретінде тіркелді – оның жалпы ұзақтығы 98 минут 51 секунд болды. Жартылай финалда әлсіз команда болмайды деп ойлаймын. Бізге мықты, жақсы дайындалған қарсылас кездесті – шыдамды әрі физикалық тұрғыдан күшті команда. Бүгін олардың қарсылығын бұзу оңай болған жоқ. Бірақ біз әлі де ойынымызды күшейте алатынымызды сезіп отырмыз. Енді біз финалдамыз және чемпиондық үшін күресеміз”, – деді “Qarmet” жастар командасының бас бапкері Максим Худяков.

Плей-оффтың екі кезеңінің қорытындысы бойынша теміртаулықтар турнирдегі ең сенімді командалардың бірі ретінде танылды. Сегіз матчта “Qarmet” небәрі тоғыз шайба жіберіп алды, ал қақпашы Алексей Зюзин төрт рет “қақпасын құрғақ” сақтап, қарсыластардың соққыларының 95 пайыздан астамын қайтарды.
Финалда теміртаулық клубтың қарсыласы елордалық "Барыс" болады. Тұрақты чемпионат барысында командалар төрт рет кездесіп, әрқайсысы екі реттен жеңіске жеткен. Сондықтан алдағы финалдық серия тартысты әрі көрермендер үшін қызықты өтеді деп күтілуде. Теміртаулық жанкүйерлер шешуші ойындарды асыға күтуде және “Qarmet” командасы өз тарихындағы ең табысты маусымдардың бірін лайықты аяқтайды деп сенеді.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 12:18