Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Qarmet металлургтерге арналған тегін емхана ашты

Теміртау қаласында металлургиялық комбинат территориясында "QarMed" орталығы базасында заманауи емхана жұмысын бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Жаңа медициналық мекеме металлургтерге профилактикалық тексерулер мен медициналық қызметтерді тегін ұсынады.

Жаңа медициналық орталық кәсіпорын қызметкерлерін профилактикалық тексеруден өткізуге және ерте диагностика жүйесін дамытуға бағытталған.

Оның жұмысы ауруларды уақытында анықтауға, қызметкерлердің денсаулық жағдайын бақылауға және профилактикалық медицинаның тиімділігін арттыруға негізделген.

Қабылдауды білікті мамандар жүргізеді. Олардың қатарында терапевт, офтальмолог, оториноларинголог, психиатр, хирург, дерматолог, невропатолог, профпатолог, акушер-гинеколог және басқа да дәрігерлер бар.

“Qarmet компаниясы үшін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы – басты басымдық. Комбинаттағы жаңа орталық металлургтерге барлық медициналық тексерулерді заманауи жабдықтармен толыққанды жүргізуге мүмкіндік береді. Қызметкерлердің денсаулық жағдайын сыртқы медициналық мекемелерге бармай-ақ кешенді бағалауға жол ашады. Алдағы уақытта бағыттар саны, соның ішінде стоматология саласы да кеңейтіледі”, – деді "QarMed" медициналық орталығының директоры Арман Байсұлтан.

Qarmet-тің "Болат" департаментінде жаңа емхананың ашылуы – корпоративтік медицинаны дамытудағы және кәсіпорын қызметкерлері үшін сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам. Профилактикалық тексерулер ауруларды ерте анықтауға және қызметкерлердің денсаулығына төнетін қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді.
 
Бұған дейін Qarmet Қарағанды қаласында шахтерлерге арналған клиникалық-диагностикалық орталық ашқан еді.

Аталған орталық та заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған және медициналық тексерулердің кең ауқымын жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі 5 мыңнан астам шахтер медициналық тексеруден өтіп үлгерді. Бұл өз кезегінде ауруларды уақытында анықтауға және компания қызметкерлерінің денсаулығын қорғау жүйесін нығайтуға ықпал етіп жатыр.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 06 Сәуір, 2026 17:53