Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Путиндік ұранды көтерсе, бірден депортациялау керек": Танымал педиатр Комаровский Қазақстанға көшкен ресейліктер туралы айтты

Танымал украиналық дәрігер-педиатор, медицина ғылымдарының кандидаты, жазушы Евгений Комаровский мобилизацияға байланысты Қазақстанға көшкен ресейліктер туралы айтты. Сонымен қатар ол кей аймақтарды Ресей құрамына қосуға қатысты референдум туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Евгений Комаровский

Арманжан Байтасовқа сұхбат берген Евгений Комаровский әр 6 ай сайын Қазақстанға келіп тұрғанын айтады. Алайда соңғы 8 айда бірде-бір рет елге келмеген.

"Қазақстанға барғым-ақ келеді. Аналар, балалар, әкелер мен әжелер туралы сөйлесіп, мына сұмдықтан назарымды басқаға бұрғым келеді. Алайда бейбітшілік орнамай, мен елімді тастап кетпеймін. Маған осы жерде болу керек. Мені Марғұлан Сейсембай Балқашқа шақырған, менің балықшы екенімді біледі. Алайда әзірге бара алмаймын. Барлығы біткенше елде қаламын", – деді ол Baitassov Live бағдарламасында. 

Өз сөзінде танымал педиатор Украинаның кей облыстарын Ресейге қосуға қатысты өткен референдум туралы да айтты. Сөзінше, Ресейге расымен қосылғысы келетін адамдар бар, бірақ халықтың көпшілігін қорқытқан.

"Референдум өтті және көпшілігі "иә" деп жауап берді. Херсонда Ресейдің құрамына енгісі келетін 1-2% халықтың бар екені түсінікті. Олар 24 ақпанда да болды. Дегенмен Ресейдің өз азаматтарына қалай "қамқорлық" жасайтынын көрген соң ешкім өз еркімен қосылғысы келмейді. Адамдар жарылыстан, бомбалаудан қашып, Ресейдің аумағына өтті немесе мұны өз еріктерімен жасады. Енді олардың өмірі "референдумды" ұйымдастырғандарға байланысты. Енді оларға басқа не істеу керек? Сондықтан "референдум" нәтижесін талқылау осының бәрін жасаған саясаткерлерді жоғары бағалаумен тең", – дейді ол. 

Дәрігер мобилизациядан қашып, өзге елдерге кеткен ресейліктер туралы да айтты. 

"Қазір шекараны жабу, барлығын қуу туралы пікірлерге қарамастан, Қазақстанның ұстанған бағыты маған ұнайды. Енді нақты ереже керек. Егер Ресей төлқұжаты бар адам Қазақстанға барып, ұлы Ресей туралы айта бастаса немесе путиндік ұранды көтерсе, бірден депортациялау керек. Егер шекараны кесіп өтсең және сол жерде сені паналатса, онда өркениетті қоғамға қосылуға тырысу қажет. Қазір Қазақстан соңғы шешімі арқылы осындай қоғам екенін көрсетті", – деді Комаровский. 

 

Талқылау